Әйелінен таяқ жейтін еркектердің де құқығы қорғалады

0
57

Отбасылық зорлық-зомбылық дегенде, ең бірінші әйел мен баланың құқығы сөз етіледі. Алайда бұл мәселеде тек әйел, бала-шағаның ғана емес, еркектердің де құқығы қорғалатынын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Зорлық-зомбылыққа қатысты заң тармақтарын сөз еткен Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова “Айқын” газетіне берген сұхбатында осы мәселеге де тоқталды деп хабарлайды  Democrat.kz  ақпараттық порталы.

“Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Мемлекет басшысының отбасылық және тұрмыстық салалардағы зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді”, — дейді Ж.Сүлейменова.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықта тек әйел, бала-шаға ғана емес, кей жағдайда еркектердің де жапа шегіп жататыны рас. Сондай жағдайда қалай болмақ деген сауалға депутат: “ Жоғарыда атап өткен зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылғанын айтып өткен едім ғой?!

Осы жерде, бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді, бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Оның ішінде ер адамдар да бар.

Яғни, ер азаматтарымыз да аталған бап бойынша өз құқықтарын қорғай алады. Заңның тақырыбы ең басында әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталғанымен біз әйел мен баланы бөліп қарамай, қоғамдағы тәртіпті орнықтыру мәселесіне жіті назар аударып отырмыз. Негізгі мақсат – құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту.

Мәселен, біз әдетте көпбалалы аналар туралы жиі айтамыз. Дегенмен көпбалалы әкелерді де ұмытпауымыз қажет. Талқы барысында отбасы институтын нығайту үшін әкенің рөлін арттыруға да көптеген ұсыныстар айтылды. Заң бәріне ортақ. Біз үшін – қоғамдағы құқықбұзушылықтың азайғаны маңызды”, — деп жауап берген.

Фото ашық дереккөзден алынды.