Төреғалидың қарындасы кофе ішуге шетелге барады
Танымал блогер, кәсіпкер Дина Төреәлі туған күнін атап өтті. Жақында ана атанған бойжеткен жақындарынан ерекше сыйлық күтетінін де жасырмады. Бұл туралы Democrat.kz ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жұлдызды отбасының сүт кенжесі 21 жасқа толды. Туған күн иесі тұрмысқа шықпаған кезін есіне алды.
“Дәл қазір бұрынғы кездерім есіме түсіп отыр. Мен үйдегі туған күнді асыға күтетін, қатты жақсы көретін адаммын. 90 күн қалды деп санап жүретінім есімде. Үйде бес-ақ адамбыз. «Төртеуің маған 5 сыйлық дайындайсыңдар, сол кезде көп болады» дейтін едім үйдегілерге. Миымда неше түрлі идея бар. Сонымен армандап жүремін, «маған біреу осылай істесе ғой» деп. Бірақ ешкім таппайды», – дейді блогер.
Одан кейін, ағасы Төреғали Төреәлі мен әпке-жеңгелерінің осы күнге дейін берген сыйлықтарын да көрсетті. Мектепте оқып жүргенде-ақ, сыйлыққа көлік пен пәтер алған.
“16 жасымда салоннан су жаңа көлік сыйлаған еді. Осыншалықты үйдің еркесі болғаныма қазір таңғаламын. 18 жасыма Астана қаласынан, 3 бөлмелі пәтер әперді. Тәтемнен, жездемнен еш себепсіз бренд киім-кешек ала беретінмін. Құрбыларыммен кофе ішіп қайтуға шетелге ұшып кете салатын әкесінің ерке қызы болдым. Осындай балалық шағым үшін, ертегідегідей өмірім үшін, әр сүрген күндерім үшін шүкіршілік етемін. Мен үшін, менің көңілім үшін, әр еткен еңбегіңіз үшін рахмет, әке!”, – деп көз жасына ерік берді туған күн иесі.
Фото ашық дереккөзден алынды.