Ақбота Керімбекова: “Қырғыздар мені тағы таңғалдырды”

0
327

Әнші Ақбота Керімбекова “Пейіш” фильміне қатысты ой-пікірін білдіріп жеке парақшасында жазба қалдырды деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы.

“Кеше достардың ұсынысымен “Пейіш” фильмін тамашалауға бардық. Кино көруге аса ынталы емес едім, кешегі барысыма еш өкінбей үйге оралдым. Кейбір отандық фильмдерге барып, “бетімді басып” қайтушы ем ғой… Қырғыз киногерлері мені осымен екінші рет таңқалдырды. Бұған дейін “Анамды іздеймін” деп аталатын туындыларына тебіренгем. “Пейіш” несімен ұнады?..

Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңнан ада, күлдіремін деп бүлдіруден алыс!.. Жер-дүниедегі күллі пендегершіліктен аман періште пейіл, ұрпағы үшін тілек тілеуден талмаған ананың дұғалы қолы, аялы жүрегі, төзімді тұқыртуға, жүйкені жұқартуға “бес” қоғам. Онан бөлек, туған жерін қандай жағдайда болса да, қандай уақытта болса да шексіз сүйетін түркі жұртының патриотизмі. Құдайға шүбәсіз сенім! Бәрі-бәрі үйлесім тапқан.

Шіркін, Құдайы қиналғанда ғана есіне түсетін және ананың қадіріне жетпек түге, ұғып көрмеген адамдар түгел көрсе ғой осы фильмді. Кино соңына дейін бір күліп, бір жылап отырды бүтін зал. Ең соңында ше, көрерменнің көбісі орындарынан тұра алмай, бірнеше минут отырып қалды. Аналары еске түсті ғой деймін… Бұл өмірде де, ана өмірде де анасынан ажырағысы келмеген перзенттің әрекеті бәрімізді терең ойға тұтқын еткен шығар, бәлкім!..

Қырғыз-қырғыз дейміз-ау… Руханияты үстем елдің бір ғана фильмі олардың ой-таразысының, рухының кемелдігін дәлелдеп тастады. Мен ұлтымды ешбір халықпен салыстырғым келмейді, дей тұрғанмен, еңбек керек, көп еңбек керек!.. Әдебиет пен мәдениет бағдаршы болмай, болашағымыз бұлыңғыр, деңгейімізді сақтауымыз керек деп есептеймін.

Бос мақтан, бос қиялға еріп, аспандай бермей, айналаға қарауымыз керек. Біздің Қазақ қашан да өз күнін өзі көрген халық. Қазіргідей рухани регресс жағдайында да өз жарасын өзі жазып алатынына сенемін!..

“Кино — тәрбие құралы” деп жүрген біздің киногерлер, сіздерден әлі де үмітіміз зор! Қай іске кіріссеңіздер де, қай тақырыпты толғатсаңыздар да ұлтқа деген махаббатпен, Отанға деген сүйіспеншілікпен, көрерменге деген құрметпен ой қорытсаңыздар екен!..

Иә, “Пейіш — Ананың табанының астында”! Ана қай жерде болса, Пейіш деген — сол жер!” деп жазды Ақбота Керімбекова.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.