Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты кісілердің аты аталды

0
520

Жаңа Қазақстан алдағы уақытта Алтынбек Сәрсенбаев пен Заманбек Нұрқаділовтың қазасын қайта тергеп, шындықты су бетіне шығаруы мүмкін. Соңғы уақыттары 18 жыл бойы жабулы қазан күйінде қалған істің қақпағы ашылуға шақ тұр. Өйткені Алтынбек Сәрсенбаев пен оның серіктерінің қазасы бойынша айыпталып темір торға тоғытылған Рустам Ибрагимов «сөйлей» бастады.

Күні кеше ғана «Злобная Татешка» арнасында Рустам Ибрагимовтың сұхбаты жарияланды, – деп жазады Dalanews.kz.

Рустам Ибрагимов 2007 жылы Алтынбек Сәрсенбаев пен оның үзегілес серіктерінің көзін жоюды тапсырыс берген Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Амангелді Шабдарбаев айтқанын білеміз.

Ибрагимов бұл жолы да «Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге Әлнұр Мұсаевтың өзі тапсырма берді, Әлиев істі адвокат Нұрлан Өстеміров арқылы бақылады» деп отыр.

Ибрагимов танымал саясаткердің көзін жоюға 2007 жылы ҰҚК-ның жедел уәкілі Сергей Климчук тартылғанын (кейін ол ҚР ҰҚК 5-ші департаментін басқарды, ал 2020 жылдан бастап Қостанай облыстық ҰҚКД-ны басқарған) тілге тиек етті.

Сонымен қатар Ибрагимов тергеу барысын бұрмалауға сол кездегі Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов пен экс-прокурор Рашид Түсіпбеков және тергеу тобының жетекшілік жасаған Машанлоның тікелей қатысқанын да ашып айтты. Демек алдағы уақытта Бауыржан Мұхамеджановтан жауап алынып жатса, таңқалмаймыз.

– Алтекеңді өлтірудегі басты мақсат – елде тұрақсыздық орнату болды. Ал бұл іске Сенат аппаратының басшысы Ержан Өтембаевты араластырудағы мақсат – Нұрсұлтан Назарбаев қайтыс болған жағдайда оның міндетін атқаратын Сенат төрағасы Нұртай Әбіқаевты қызметінен кетіру көзделген еді. Әлиев пен Мұсаев Назарбаевтың орнына Дариға Назарбаеваны әкелмек болды, – дейді Ибрагимов.

Бұдан басқа Ибрагимовке өзіне сол кездегі Ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов Алтекеңді өлтіруге Өтембаев пен Әбіқаев тапсырыс берді деп айтуды талап еткен. Мұндағы мақсат Назарбаев пен Әбіқаевтың арасын суыту болған деп жорамалдайды.

Фото ашық дереккөзден алынды.