Америка өз ішінен бөлініп, ыдырап кетуі әбден мүмкін
Өткенде бір отырыстарда американдық қазақ танысымды кездестірдім. Ол он жыл бұрын елден Америкаға көшіп кеткен болатын. Хал — жағдай сұрастық. Елге келіп мауқын басып жатыр екен.
Бастапқы кезде «жағдайымыз жаман емес» деп қысқа сөйлеп ашыла қоймады.
Бірақ кейін сәті түсіп онымен біраз сөйлесіп қалдық.
Ішінде бір шер бар сияқты.
«Тісімізді емдеуге Қазақстанға келеміз, бұл жақта стоматологтың қызметі арзан, Америкада тіс емдетсең атаңның құнын төлейсің» деді.
«Америка жалпы қалай екен, өкінбейсің бе» деген менің сұрағыма, біраз ойланып «білмеймін Олжас, бір қарасаң бәрі дұрыс көрінеді, бірақ кейде әйелім екеумізге Америкадағы бүгінгі өміріміз — біз өз өмірімізде басқа…. бір өзіміз қаламаған бағытқа қиыс кетіп бара жатқан адамдар сияқтымыз.
Осы жерде өз өмірімізде бір шалыс бастық па деп соңғы кезде көп ойланатын боп жүрмін.
«Елге қайта оралайық десек, ол да бір қиын нәрсе, балалар ол жаққа үйреніп қалды.
Қазір Қазақстан да даму жолына түскен сияқты, бұл жақтың кей қалалары Америкадан кем емес» деп күлді.
Мен американдық қазақтан «Америкада нәсілшілдік бар ма, өзің азиат деп шеттеу көресің ба?» деп сұраған ем.
«Америка қоғамында жалпы бұндай нәрсе ашық айтылмайды, әйткенмен бұл жақта расизм бар» деді.
— Американдық ақ нәсіл өкілі сенің бетіңе күле қарап тұрғанымен, ол іштей сенің, азиаттың немесе қара нәсіл өкілінің орнын айшықтап сені іштей қатты бөліп тұрады.
«Азиат немесе қара нәсіл өкілі Америкада өмір бойы ақ американдыққа өзінің нормальный, қалыпты адам екендігін дәлелдеумен өтетін шығар, тіпті сенің бұл жақтағы өмірің —жүрген жеріңде ақ американдыққа өзіңнің акцентсіз таза сөйлейтініңді тыраштана көрсетіп өтумен болады» деді американдық қазақ.
Расында, «Америкада расизм бар» деген сөзді мен алғаш рет естіп тұрған жоқпын. Сол жақта оқыған студент інім де бұрын сондай әңгіме айтатын.
Америка билігі осы расизммен заң аясында тыйыммен, үгіт — насихатпен қанша күш сала күрессе де, адамзат сірә бөлінуін ешқашан қоймайтын шығар.
Қазіргі президенттікке үміткер атышулы Дональд Трамп та меніңше сондай жасырын расистердің бірі. Ол өзінің кім екендігін мигранттарға түрлі жала жауып, «Мексикамен Америка арасына құс та ұшып өтпейтін үлкен дуал тұрғызамын» деген жалаң ұрандарымен білдірді.
Бір қызығы Америкада соны ду ете қызу қолдап отырған миллиондаған халық бар. Тіпті Американың қақ жартысы соның қолдаушысы, яғни көзқарастары Трамптың ар жақ бер жағы..
Трамп өзінің нәсілшіл екендігін ашық айтпай — ақ солардың қолдауына ие болып отыр. Аналар суайт, бәтуасыз Трампты көзбен көріп іштей біліп өздерінің адамдары деп қабылдады, қызу қолдады.
Трамптың тегі неміс. Америкада 50-60 млн неміс текті халық тұрады.
Американың солтүстік штаттарынан күншығысқа — Вашингтонға қарай жүре берсеңіз — Висконсин, Минессота, Мичиган, Пенсильвания деген штаттарында миллиондаған кілең еуропа текті халықтар тұрады. Неміс, швед, норвег, ирландтық, т, т…
Тіпті бұл штаттарда әлі күнге шейін немісше, шведше сөйлейтін ұлттық анклавтар бар.
Меніңше, осы ақ халықтар бүгінде Трамптың тірегі боп отыр. Әйтпесе бүгінгі Трамптың феноменін басқаша түсіндіру мүмкін емес.
Бұлар да өз Америкасының ақ нәсілді мемлекет болғанын қалайды, келімсектерді іштей жек көреді.
Американың басқа мигранттары да бұндай расисттерді қатты сүйе қоймайтыны анық.
Бұл сайлау науқанында екі түрлі Америка тіресетінге ұқсайды.
Бір айдан соң Америкада президент сайлауы болады. Ол сайлауда Трамп тағы бірдеңе былықтыратын сияқты.
Жалпы осы Трамп маған Американың Горбачевы сияқты көрінеді. Осы быдық Американы бөлшектеп тынатын тәрізді.
Осы сайлау Американың түбіне жетеді деген бір қауіпім бар.
Өйткені соңғы жылдары Америкада бұрын соңды болмаған тарихи оқиғалар болып жатыр. Халықтың Капитолийді басып алуы, Трамптың сайлау қорытындысын мойындамауы, Конгресстегі саяси кризис, суайт, алаяқ адамның өршеленіп қайта қайта жоғары билікке таласуы — бұның бәрі Американы ішінара әлсіретіп жатыр.
Өзі идеялық тұрғыда екіге бөлінген Америкаға оның шексіз демократиясын қоссаңыз, бұл ел оңай тарқай салатын тәрізді.
Ресей әне міне күйрейді деп отырғанда, осы Америка келесі жылы сайлаудан соң қаққа бөлініп бірін — бірі мойындамай тарқап кетсе, мен түк таңғалмаймын, оны да көруге дайын отырмын.
Олжас ӘБІЛ, саяси-сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.