Бақсылықта қандай құпия бар?

0
430

Біздің бала күнгі түсінігімізде бақсы, молда, әулие, тәуіп, емші, құмалақшы бәрі бір ұғым еді, ажыратып жатпайтынбыз. Бәріне ортақ миф — әурақ қонған қасиетті адам болған, моласынан шырақ жанады, басына түнегендер ауруынан айығып, тілегені қабыл болады десіп, зиратына құрметпен қарайтын.

Біздің төңіректе Тілеп бақсы туралы аңыз көп, ұрпақтары бабасының басына барып жүретін. Ал Әбу бақсыны әкелеріміз көріпті. Ол кісінің небір ғаламатына куә болғандарды өз құлағымызбен естідік.

Көзі тірі бақсыдан көргеніміз Жұбатқан деген кісі. Тілеп бақсыға жиеншар ма, бір жақындығы бар. Жұбатқан әкейге қатысты да аңыз көп-тін, Айырқұм мен Көкалат арасына машинадан тез барады, көзге көрінбейтін қара бурасы бар десетін. Әскерде жүргенде бақсылығы буып, ұстай алмағандықтан бір татар дәрігер жұлынына укол салып тоқтатыпты деп те жататын. «Үйімізде қасиетті қобыз бар, жұма күні күңіреніп дыбыс шығарады» — деп айтатын бастауыш сыныпта бізбен бірге оқыған Индира есімді кенже қызы. Қобыздың бары рас болса керек.

Біз көрген Жұбатқан бақсы аңқылдаған кісі еді. Өзім еш ерекшелігін көргем жоқ, тек қолында үлкен таяғы бар, адымдап өте тез жүретін.

2002 жылдары қайтыс болды. Ауылдағы Шәкір батыр қорымына жерленді.

Бертін келе құмалақ та ашатын, онда да ұсақ-түйек, жоғалған мал, ұрланған зат деген сияқтыларға. Қалай болғанда да ол кісіні ел қасиет иесі деп құрметтейтін.

Көрші Аралбай ауылында Иманқұлдың Кәрімі деген кісі болған. Ол кісіні де бақсы деп атап жататын. Бірақ ол кісінің шипагер, емшілік қасиеті бірінші орында дәріптелетін. Шөптен дәрі жасайтын жан болған, ол кісінің алдынан жазылмай кеткен науқас жоқ десетін. Әруақты адам деп әлі қадірлейді. Бері келгенше өмір сүрген.

2002 жылы қаңтарда Аралбайға бара жаттық. Бір топ бала шанада, менің астымда семіз дөнен. Аралбайдың қарасы көрінгенде елеріп келе жатқан аттың басын еркіне қоя бердім. Бір кезде шанадағылардың бірі «байқа, алдыңда бақсының тамы» деп жанұшыра айқай салды.

«Бақсының тамы» деген сөз селк еткізді. Өйткені ол біздің санада әулиелі жер деген сөз. Шошып кетіп тізгінді ірке берем дегенше астымдағы атым тоңқалақ асты. Етігімді үзеңгіден шығарып үлгермедім, аттың астында қалдым. Бес шыбығым үгіліп, тобығымның сіңірі созылыпты. Екі айдай ақсап жүріп, сынықшылар Мәлік, Егеубай нағашыларымның арқасында жазылып кеттім.

Биыл Көкалатқа бара жатып көрдім. Бақсының тамының тұсына белгі қойылыпты. Білетін дұғаларымды оқып, бет сипадым. Әруақты кісілердің басынан құрмет қылмасаң апатқа тап боласың деген ұғым сүйегімізге сіңіп кеткен елденбіз ғой.

Бақсы туралы көргенім мен естігенім осы.

Абылай Маудановтың

Facebook парақшасынан.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.