Бала тәрбиесінің тізгінін босаңсытып алдық
Әлеуметтік желілерде жаға ұстатып, бет шымшытар алуан түрлі оқиғаны көрген кезде, білім саласының маманы, тәрбиемен айналысып жүрген адам ретінде маған ата-аналар “Бізде тәрбие неге бұзылып кетті?” деп жиі сұрақ қояды.
Неге сұмдық көбейді? Өйткені, бізде тәрбие жүйесі бұзылып кетті. Нақтырақ айтқан кезде бүгінгі ұрпақ құндылықтар соғысының құрбаны болып жатыр.
Ес білгенде жылқының жалында ойнайтын қазақтың баласы бүгін бесіктен белі шықпай жатып, телефонның “құлағында” ойнайтынды шығарды.
Балаларымыз кішкентайынан-ақ әлеуметтік желінің апанына кіріп, әртүрлі қатыгездік пен жантүршігерлікті, қызылды-жасылды, біреуі қытайша, екіншісі ағылшынша, енді бірі орысша, жалпы алғанда әрқайсысы әртүрлі дүниені күні бойы қызықтайтынды шығарды.
Баланың ойлау мен сөйлеу жүйесі бұзылды. Әлі ойлау тілі қалыптаспаған бала телефоннан ағылшынша, маңайынан орысша, отбасынан қазақша сөз естігенде, санасы қай тілде қалыптасатынын білмей дүбәраға айналды!
Бұрын үйімізге қонақ келсе, әке-шешеміз “үлкендердің ақылын, әңгімесін тыңда” деп отырғызып қоятын, сонда дастарқан басында келген кісілердің жақсы әңгімесіне қанық болатынбыз.
Шайдан соң, қолына су құйып, батасын алатын едік. Әрине, жақсы сөз – жарым ырыс. Қазір қонақ келсе, баласының қолына телефон беріп, “мынаны көріп, тыныш отыр, бөлмеден шығушы болма” дейтін жағдай қалыптасты.
Яғни, баламызды жақсы әңгіме тыңдатуға да мұрсат жоқ. Одан қалды бұрын отбасында жақсы әңгімелер айтылатын, мазмұнды кітаптар оқылатын.
Бүгін ше? Бүгінде отбасындағы 3 адам 3 телефонмен, 5 адам болса, 5 телефонмен отырады. Өкініштісі сол, отбасында ортақ әңгімелер сұйылып барады.
Енді отбасынан әңгіме таппаған бала оның бәрін сырттан іздейді, тәрбиені сырттан алады. Бұрын отбасы дұрыс емес шаңырақта тәрбиеленген баланы “ол баланы көше тәрбиелеген, ата-анасынан тәрбие көрмеген” дейтін әңгіме бар еді.
Бүгінгі күні барлық баланы көше тәрбиелейтін, барлық баланы телефон тәрбиелейтін күйге жеттік. Солай бола тұра, оның салдарынан әлеуметтік желідегі шығып жатқан әртүрлі оқиғаны таңғалыспен қабылдауымыз мүмкін. Әрине, күлкілі.
Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, білікті ұстаз.
Әлеуметтік желідегі жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.