«Балалар үйіне кеткім келеді» деген жігіттің ауыр тағдыры
Жоғары сыныпта оқимын. ІІІ тоқсанды аяқтап, 10 күнгі демалысқа шыққан кезім. Демалысты құр өткізбей күнделікті қалаға барып жұмыс істеймін. Жұмыс болғанда питакқа барамын. (Қазір «құл базар» деп жүр ғой) Көше бойында қол дорбамызды іліп тастап жұмыс күтіп отырамыз.
Қара жұмысқа адам іздеген кісілер осы питакқа келіп, бағасына келісіп алып кетеді… Сол күндердің бірінде қаладағы саяжайдың біріне жер аударуға жұмысқа бардым. Ұзын бойлы Антон есімді бала күтіп алды.
Ол да мен сияқты жұмысшы. Жалғыз өзіне ауыр болғандықтан үй иесі мені жалдауды жөн көріпті. Екі жақтап жұмысқа кірісіп кеттік. Антон маған қарағанда әлдеқайда ширақ қимылдайды.
Біраз жерді аударып тастағасын тынығып алуды жөн көрдік. Сол үзілісте жақынырақ таныстық. Менімен түйдей құрдас екен.
Құрдасым таныстық барысында жылдам істеудің құпиясымен бөлісті. Күректі аса қатты батырмай жердің бетін ғана шұқып аударып, кей жерді қазып әуреленбей бос топырақты лақтырып көміп кете береді екенсің.
Супер әдіспен тез-ақ бітіріп тастадық. Үйдің иесі тез қазып тастағанымызға қатты таңқалып уәделескендей ақшамызды санап берді. Түс ауған кез болатын. Антон түстеніп алуға үйіне шақырды. Жаңа достың көңілін жықпай келістім. Жолдан дүкеннен сыра алды. Мені де сыйламақ болып еді… Мен ішпейтінімді айттым. Сол кезде Антонның бала болса да көшеде ешкімнен қысылмай ерніне темекі қыстырып, қолына сыра ұстап келе жатқаны мені қатты таңқалдырды…
Көп ұзамай-ақ үйіне де жеттік.Үйінен шығып жатқан түтінді көріп:
-О’ мамам монша жағып жатыр екен! Моншаға түсіп алатын болдық, — деп қуанып кетті. Қақпадан кіре сала Антонның қуанышы су сепкендей басылды. Жартылай жалаңаштанған анасы бір еркекпен арақ ішіп отыр екен. Іштей әкесі деп ойлағаным сол еді:
-Бұл неғылған еркек? Сен кеше ғана ішпеймін деп едің ғой, мама?, — деп анасына дүрсе қоя айғайлады.
-Досым ғой, балам. Біз жәй көңіл көтеріп… Біз кішкене ғана бір-бір стаканнан, — деп анасы ашылып қалған омырауын орамалмен орады да:
-Сенің әкең… Сен маған айғайлама! Немене тапа-тал түсте келіп алғансың?! Әншейінде жарым түнде келуші едің, — деп ұлына ұрсып тастады. Бөтелкелесіне ақырын сыбырлап кетуін өтінді. Іш-киіммен ғана отырған еркек кетуге ыңғайланып орнынан тұрғаны сол еді… Антон тұра жүгіріп бір-екі рет жұдырық жұмсап жіберді. Ара түсіп жатқан анасын тыңдар емес. Мен қаққан қазықтай орнымда тұрып қалдым. Анасының бөтелкелесі тәлтереңдеп көшеге қаша жөнелді. Артынан Антон да, мен де тұра жүгірдік. Қарыс адым аттамай жатып Антон аяқтан шалып құлатып үлгерді. Боқтап тепкілей бастады. Мен де бір-екі рет теуіп қалдым. Жаңа досыма болысып бейтаныс еркекті не үшін жабылып ұрып жүргенім өзге тұрмақ, өзіме де түсініксіз. Көршілері, анасы жабылып жатып төбелесті тоқтатып тастады…
Антонның көзі жасаурап кетті. Сол мезетте арақтың иісі мүңкіп, арқасына дорбасын арқалап әкесі келді. Келе сала шешесімен айғаласа бастады.
-Сенімен бұл саяжайда жатпаған еркек жоқ шығар…, — деп әкесі шешесіне айғайғайлап үйден қуды. Шешесі үй өзінің атында екенін айтып әлек… Күтпеген трагедияның көрермені болып қалғаныма ыңғайсызданып, Антонмен қоштасып кетпек болдым…
Антон мені шығарып салмақ болып соңымнан ерді. Жол бойы үндемеді. Дүкенге кіріп осы жолы сыра емес, арақ алды. Тіскебасарға ақшасы жетпесе керек.
Менен қарызға сұрады. Ойланбастан қолына ұстата салдым. Шұжық, нан, тәтті су, стакан, темекі алып шықты. Көлеңкеге барып отыра кеттік. Отыра сала толтырып-толтырып екі стаканды бір-ақ ішіп алды да:
-Мирка, білесің бе?! Мен балалар үйінде өмір сүргім келеді. Шаршадым бәрінен, — деп көзі жасаурап:
-Сен питактасың ғой?! Қарызды сол жерге апарып берермін. Болмаса үйге келіп алып кетсең де болады… Қалай ойлайсың?! Балалар үйіне мені ала ма? Қазір он бестемін, — деп маған қарады. Не айтарымды білмей:
-О’ жағын білмеймін, — деп үнсіз отырып қалдым. Тағы бір стакан ішті де:
-Өмір сүргім келмейді… Кішкентай кезімнен балалар үйін армандаймын, — деп еркіне көнбей көзінен ағып бара жатқан жасты жеңімен сүртіп тастады. Антонды қалай жұбатарымды білмей, жәй ғана үнсіз қоштасып жөніме кеттім…
P.S.1. Баяғыда бір досым балалар үйінде тәрбиеленгеніне өкінетінін айтып мұңын шаққан болатын. Осы оқиғаны айтып беріп едім ойланып қалды… Бұл жағдайға қарап «біреудің қиын тағдыры біреуге арман болуы әбден мүмкін» деп тәпсір түсірген едім.
P.S.2. «Детский трабмы» деген осы, ағайын…
Аяз БИ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.