Басымызға күн туса, жанымыздан кім табылады?

0
864

Қордайдан шыққан “минивэнге” жайғасқаным сол еді, шопыры “енді төрт көзіміз түгел болды” деп күліп, көлігін оталдыруға кірісті. Сөмкелерімді жайғастырып, ыңғайланып отырған соң байқадым, түрлі ұлт өкілдерінен құралған топ бір “минивэнде” екенбіз.

Әңгіме ә дегеннен Рамазан, оразаға байланысты өрбіді. Алдыңғы орынға жайғасқан екеу өзара танысқанында, бірі — түрік, бірі-әзербайжан екенін білдік. Олардың артындағы орындықтың біріне — қырғыз, енді біріне — өзбек азаматы отырған екен. Өзара таныстық барысы біздің қатарға келіп жеткенде, жанымдағы еркек өзін таныстырып, татар ұлтынан екенін айтып: “Әйелім — башқұрт, оның жанында анасы -ноғай”,- деп күлді.

“Түркі халқын көлігіммен Алматыға апара жатырмын, аға! Әлгінде “төрт көзіміз түгел болды” дегенім осы еді”,- деп күлді жүргізуші. Мынадай сәйкестікке таңғалып, күлістік бәріміз. “Дінге байланысты алауыздық біздің қоғамда тым белең алып барады. Қазіргі кезде жастардың көбі діннен хабарсыз”,- деген әзербайжан жігіт Агил “бұлай кете берсе, иманынан айырылған ұлтқа айналамыз-ау” деп барып тоқтады.

Жанындағы түркиялық түрік Мұстафа да оны қостап: “Бізде де оразаны мақтаныш үшін тұтып, Қажылыққа барғанын жұртқа көрсету үшін жасайтындар көбейді. Аузымызда Алла болғанымен, жасаған тірліктеріміз мұсылманға тән емес жайттар көбейді”,-деп қостады. Бұл әңгімеге араласқан қырғыз бауырымыз Айбек те: “Өзін мұсылманмын деп, жағымсыз әрекеттерге баратын имансыздар бізде де көбейіп кетті”,-деді.

“Кезінде Ислам Кәрімовтің тұсында уахаббит, салафиттерден елді тазартсақ та, көрші елдерден күн сайын ағылып келіп жатқан теріс діни ағымдар біздің қоғамның да шырқын бұзуда”,- деген өзбек Әкрамға менің жанымдағы татар жігіт Кәміл: “Аталарымыз ғасырлар бойы тазалығын сақтаған дінімізге жан-жақтан қысым жасалып жатқанын жасыра алмаймыз”,-деп үн қосты.

Не керек, әңгіме сонау дін келген заманнан басталып, әрі қарай өрби берді. Бір қызығы, көліктегі сегіз кісі де бір-бірінің сөзін түсініп, кейбір түсінбеген сөзді екіншісі түсіндіріп, қызық бір жағдай орын алды. Әңгіме ауаны ескі тарихқа қашан, қалай ауғанын байқамаппыз, бір кезде Айбек: “Көкпарды біз патенттеп алдық. Бауырсақ пен ет ауқаты да біздікі”,- деді.

Осы тұста Мұстафа: “Қаражорға” сонымен кімдікі болды?”-деп қағытты. “Әрине, біздікі! Біз оны тіпті дәлелдедік те!”-деген Айбек екеуміздің арамыздағы дауласу біразға созылды. “Анау-біздікі, мынау-біздікі” дескен дау өзбек пен қырғыздың, түрік пен әзербайжанның, ноғай мен қазақтың, татар мен башқұрттың арасында да өршіді.

Байқаймын, бұл дау ұзаққа созылатын түрі бар. Тіпті ақырында “нағыз мұсылман, дінді таза сақтаған — біздің халық!” деген дау шықты. Мұның аяғы төбелеске айналатын түрі бар. Кенет шопыр баламыз көлігін жолдың жиегіне тоқтатты. Сөйтті де: “Ал енді армансыз айтысып болсаңыздар, мен де өз пікірімді айтып, сіздерге бір сұрақ қояйын”,- деді.

Әлгінде ғана “Қаражорға” үшін қырғызды түтіп жіберердей, ашуланып отырған мен де, “шынайы мұсылман болуды біз үйреттік” деген Кәміл де, “бұл дәстүр негізінен түріктікі еді, әзербайжандар біраз өзгертіп, өздеріне алып алды” дескен екеу де, тіпті артқы орында ноғай, башқұрт халқының бүгінге дейінгі тарихын айтысқан екі келіншек те үн-түнсіз қалды.

Ешкім шопырдан мұндай әрекет күтпегені анық. “Ағалар, апалар, дәл қазір сіздердің дауласып, тартысып отырған мәселеңіз соншалықты маңызды ма? Жарайды, маңызды дейік.

Алайда осылай тартысып отырғандарыңызда, мысалы, қарақалпақ халқын өзге ұлт өкілдері қынадай қырып, соғыс ашыпты деген хабар жетсе, не істер едіңіздер? Осылайша “мен нағыз мұсылманмын!” деп дауласып отыра бересіздер ме, не істейсіздер?”-деп сұрады.

Бірер секундқа созылған үнсіздікті әзербайжан Агил бөліп: “Жоқ! Қарақалпақ — біздің бауырымыз! Біз ондай жағдайда қолымызға қару алып, бауырымызды қорғауға баруға тиіспіз!”-деді. “Әрине, Агил дұрыс айтады. Біздің бауырымызды қыруға ешкімге жол бермейміз!”-деді қырғыз Айбек. Қалғандары да даурығып: “Бауырымызды қорғауға аттанамыз!” деп өре түрегелді.

“Ойбай, ешкім қарақалпақты қырып жатқан жоқ. Мен мысал ретінде айттым. Сіздер бағанадан бері “мен таза мұсылманмын” деп, “анау салт менікі, мынау дәстүр менікі” деп босқа тартысып келесіздер. Түптің түбінде сіз бен бізді орнымыздан қарғытып тұрғызатын не нәрсе, дін бе, әлде бауырластық па?”-деген шопыр баланың сұрағына бәріміз жамырай “әрине, бауырластық!” дескенімізді байқамай қалдық.

Бұл жауапты айтып алып, өзіміз қалай күліп жібергенімізді де байқамадық. “Ағалар, апалар, иә, әркімнің сенімі бар. Оған құрмет көрсетуге тиіспіз. Алайда біріміз мұсылман, біріміз христиан болсақ та, түркілерді біріктіретін ортақ дүние бар.

Ол — қан ғана. Бәрібір қанымыз бір-бірімізге тартып тұрады. Егер дін адамдарды біріктіретін болса, күні кеше Палестинада мұсылмандар қырылып жатқанда, қай-қайсыңыз суырылып шығып, көмекке бардыңыз? Ал Қарабақта соғыс басталғанда, осында отырған бәріңіз өре түрегеліп, рұқсат берсе, армяндарға қарсы соғысуға әзір болдыңыз.

Әзербайжан елі Қарабақты азат еткенде қуанбаған түркі халқы болды ма? Болмады. Болмайды да. Неге себебі біз бауырлармыз. Ал мұсылман елдеріндегі мыңдаған соғыста жеңіске жеткен қай ел үшін бөркіңізді аспанға атып қуандыңыз?

Катардың командасы мен түріктің командасы футбол ойнауға алаңға шықса, осы отырған қайсыңыз Катар командасына болысып, соның жеңіс байрағы желбіресін деп жанкүйер боласыз?”- дегенде, бәріміз “түрікке болысамыз!” деп шу еттік.

“Демек, бізді біріктіретін наным-сенім емес, ең алдымен тамыры бір туыстығымыз. Олай болса, бір көліктің ішінде түркілердің сегіз азаматы несіне таласып-тартысып отырсыздар?”-деп барып тоқтады шопыр бала.

Болмашы нәрселерге таласып отырғанымызды мойындап, біз де бас шұлғыдық. Алматыға дейінгі қалған 150 км жолымыз ата-бабаларымыздың бізге аманаттаған құнды тарихы мен әлі күнге дейін сақталған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар төңірегінде әңгімелесіп, біріміз ұмытқан дүниені біріміз еске салып керемет әсерге бөлендік. Алматыға жеткен соң да, айырылысқымыз келмей, бәріміз бірге дәмханаға барып, таңғы сәресіні сол жерде ішіп, тарқастық.

Бақытжан КЕНДЕБАЙҰЛЫ,

Democrat.kz.