Баян Мақсатқызы: “Шок болып отырмын” 

0
637

Баян Алагөзова күйеуінен зәбір көрген әйелдерге арналған өз  орталығын көрсетті. Продюсердің айтуынша, жақында ғана ашылған ғимаратқа тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған қыз-келіншектер бірден қоңырау шалып, балаларымен көшіп келген.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұндай орталықты ашу туралы идея осыдан 8 жыл бұрын туындапты. Көлемі 1000 шаршы метр болатын ғимарат 100 адамға арналған. Асхана, мәжіліс залы, психологпен кеңесу бөлімі және 18 жатын бөлме бар.

«Бұл орталықтың ашылғанына бір ай болған жоқ, бірақ күнде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер келіп жатыр. Дәл қазір орталықта 30 адам бар. Яғни бір айдың ішінде 10 әйел, 20 бала келді. Бүгін кешке тағы екі әйел, бес бала келеді. Мұндай орталықта кілең қазақтың әйелдері, балалар үйіне барсаң кілең қазақтың балалары жүр.

Бұл – шындық! Бұл біздің қоғамдағы әйелдердің сауатсыздығы, жыныстық сауатсыздығы, әлеуметтік сауатсыздығы. Олар өзінің құқығын білмейді, қайда барып шағым түсіру керек екенін білмейді. Біздің қоғамдағы теңсіздіктің де кесірі бар, әйел адам емес, әйелдерді екінші сұрыпқа қойып тастағанбыз. Мен ер мен әйелдің құқығы теңеседі деп ойлаймын, соған сенемін», – дейді Баян Алагөзова.

Продюсер басқаратын орталықтағы қыз-келіншектердің кестесі тығыз. Таңғы астан кейін психологтың кеңесіне жүгінеді. Әр аптада Баян Мақсатқызының өзі әрбір келіншекпен сұхбаттасады. Тілдесу барысында жантүршігерлік оқиғаларды да естіген.

«Әрине, бұл жердегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қысым көрген әр әйелмен аптасына екі рет сөйлесемін. Әйелдердің айтатыны: «Жұмыс істемеймін, күйеуім ішімдік ішеді, ақша жоқ, ашуланып үйге келеді. Мен кінәлімін бе, кінәлі емеспін бе, бәрібір ұрады” дейді.

Мысалы, біздің орталыққа бір жүкті әйел келді. Бүкіл тісі жоқ, күйеуі ұра берген. Шамасы жетпеген соң екі баласымен біздің орталыққа келді, жуырда босанады. Осындай әйелдер бұл орталықта көп», – дейді продюсер.

Баян Алагөзованың орталығына төрт баласымен келген әйелмен біз де тілдесіп көрдік.

«2003 жылы отау құрдық. 20 жыл бойы ұрып-соққанына көніп, сөзіне шыдап келдім. Балалары бар ғой, бәрі жақсы болады деп ойладым. Кейін жаман қиналып кеттім де, далада қалсам да кетуді дұрыс деп шештім, шаршап кеттім.

Қазір осы орталыққа келіп күшті боп қалдым. Психологпен жұмыс істедік, жан-дүнием тынышталып қалды. Бір ертегіде жүргендеймін», – дейді орталыққа келген әйел.

Баян Мақсатқызы бұл сұхбатында қазір бүкіл әлем көз тіккен атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты да өз пікірін білдірді.

«Айтар сөзім жоқ, «шок» болып отырмын. Әрине, ол проблеманы мен жақсы түсінемін. Шынын айтқанда, бұл – біздің қоғамның ауқымды мәселесі. Біздің бәрімізді бұл дерттен емдеу керек.

Мен өзім осындай жағдайды бастан өткермегенде мұндай тақырыпты қозғамас едім. Мені бір қуантатын жайт, 30 жыл бойы «ұят» деп келдік қой, қазір қоғам оянып келеді», – деді Алагөзова.

Фото ашық дереккөзден алынды.