Бишімбаев түрмеден қалай ерте шығып кетті?

0
118

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі жөнінде Ulysmedia.kz порталына сұхбат берді, деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы сілтеме жасап.

Естеріңізге салып өтейік, Қуандық Бишімбаев тарапы алқа билерді тартып, ашық сот өткізуді сұраған болатын. Осының себебіне қатысты заңгер, депутат Абзал Құспан: “Қолданыстағы қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптарына сәйкес, бұл олардың құқығы. Тиісінше, қорғау тарапының өзінің айтары бар шығар.”,-дейді.

Аталмыш сұхбат барысында тілшінің: “Сіз Бишімбаевтың бұған дейінгі (2018 жылдың наурызында 10 жылға сотталған кезде) сотында сотталушылардың қорғаушысы болдыңыз. Ол кезде 10 жылға сотталғанымен, ертерек шығып кетті. Сот үкімі бойынша кейбір адамның соңына дейін жазасын өтемей, түрмеден ертерек шығып кетуінің себебі неде?” деген сұрағына:

“Бишімбаевтың ерте шығып кетуіне соттың немесе басқа да құқық қорғау органдарының қатысы жоқ. Сол кездегі Ескі Қазақстан жүйесінде президент жанында ақтау жөніндегі комиссия болды. Қазір де ол комиссия бар. Бірақ ондай деңгейде жұмыс істеп жатқан жоқ. Бір жылдан кейін сол арқылы шығып кеткені сол.

Сотта істер жан-жақты қаралады, прокурор, адвокат сөйлейді. Басқа да іс-материалдар зерттеліп, зерделеніп барып, үкім шығарылады ғой. Ал мынадай комиссия кім, қалай қарап жатқаны жөнінде ашықтық жоқ. Былайша айтқанда, кім бұрынғы президент – елбасыға жақын болды, сол адамдардың ерте шығатын мүмкіндігі болды. Қарапайым ғана айтайын, кім Назарбаевтан кешірім сұрайды – сол шығады.

Кім кешірім сұрамайды – сол шықпайды. Әлі күнге дейін кезінде істі болып, Бишімбаев сияқты үлкен мерзімге сотталып, шықпаған адамдар бар. ЭКСПО бойынша істерді білеміз, өйткені ол адамдар кешірім сұраған жоқ. Солардың бәрі кешірім сұраса, олар да Бишімбаев сияқты бір-екі жылдан кейін шығып кетер ме еді. Ермегияевті айтып отырмын.

Негізі адамның кінәлі немесе кінәсіз екенін сот анықтауы керек. Жазаны тек сот кесуі керек”,- деген депутат Абзал Құспан жазаның орындалуы да сотпен бақылануы керегін айтады.

Фото ашық дереккөзден алынды.