Биыл Наурыз басқаша тойланады

0
242

Қазақстанда Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа үлгісі жасалуы мүмкін деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы министрліктің хабарламасына сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрлігінде қазіргі уақытта барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Наурыз мейрамын мерекелеуге жаңа тәсілдер әзірленіп жатыр екен.

Министрлікте атап өткендей, құжат талқылау сатысында және ағымдағы жылдың наурыз айының басында жарияланады.

Ал біз сұрау салған ел азаматтары әз-Наурызды тойлаудың жаңаша түріне байланысты өзіндік пікірімен бөлісті. Мысалы, студент Әлинұр Саматұлы: «Наурыз — біздің басты мерекеміз ғой. Сондықтан бұл мерекені нағыз қазақы нақышпен, ерекшелеп тойласақ.

Мәселен, тұтас наурыз айында бүкіл ел халқы ұлттық киім киіп, әр күні түрлі кеңсе, мекемелерде салт-дәстүрімізбен ұштастырып, белгілі бір жұмыс түрін өзгертсе. Көршілес жатқан мекемелер бір-біріне Наурызбен құттықтап барып, танысып, өзара қызметтік байланыс орнатса»,- дейді.

Бастауыш сынып оқушысы Мисир Райымбектің ұсынысы тіпті қызық шықты. «Жыл сайын 31 желтоқсанда Аяз атаны күтпей, Наурызда Қыдыр атамызды күтіп, тілек тілесек. Ал Қыдыр ата бізге құрт, ірімшік секілді өзіміздің ұлттық тағамдардан сыйлық берсе»,- дейді батыр атасының атын тасыған Райымбек.

«Наурызды ең жоғары деңгейде тойлауда — ақпараттық насихат жұмыстарының атқарар рөлі зор. Есіңізде ме, осыдан 10-15 жыл бұрын Наурыз мерекесі десе, тек тігілген киіз үйлер мен ол үйлерге кіріп-шығатын шенді-шекпенділер көз алдымызға келетін. Ал қазір, жер-жерде Наурызды тойлаудың ғажайып нұсқаларын көріп жатырмыз.

Демек, насихатпен жұмыс жақсы жүргізілді. Ұлттық генетикалық кодымыз оянып, тіпті ұлттық киімді кұнделікті киім ретінде киюге әдеттеніп бастадық. Ал мектептерімізде ұлттық үлгідегі киіммен жүрген оқушыны қазір күн сайын көретін болдық.

Бұл керемет емес пе?! Наурыз хмерекесі де осылайша бір күні жұрт жаппай тойлайтын ұлттық, басты мерекемізге айналады деп сенем».- дейді алматылық Әмина Дінмұхаммедқызы.

Зубайра ЛЕСБЕК,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.