Бойжеткенді зорлап, қинап-азаптаған жігіттер оған күштеп кредит те алғызған

0
1229

«Немолчи.кз» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Ақтауда болған жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтауда болған бұл трагедияны жергілікті БАҚ «бойжеткен құлап кетіп көз жұмды» деп жазған. Полиция суицидке жеткізу жайлы тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Дина Таңсәрі көз жұмған қыздың ағасы айтып берген сұмдық деректерді жариялады.

«Мерекелер қарсаңында бізге көз жұмған қыздың ағасы хабарласты. Біз құжаттарды ұзақ қарадық. Тұрмысқа шықпаған фитнес-тренер жұмыстан үйге келе жатқан. Осы кезде  5 адам көшеде жалғыз келе жатқан қызды күштеп, ұрып-соғып көліктеріне салып алған. Ал бұл 5 жігіт телефондарын өткізіп, одан алған ақшаға мефедрон сатып алыпты. Осылайша, түні бойы жас қызды қинаған», — дейді Дина Таңсәрі.

Оның айтуынша, есірткіге мас жігіттің бірі қызға да мефедронды күштеп беріп, зорлаған.

«Қызға күштеп мефедрон берген жігіттің өзі отбасылы, балалы екен. Таңға таяу қаскөйлер қызға өз телефонынан 2 млн теңге кредит алдыртып, оны таныстары арқылы қолма-қол ақшаға айырбастайды. Осыны ұйымдастырған адам қызды қалада түсіріп кетіп, егер біреуге тіс жарса, өлтіріп кетеміз деп қорқытқан», — дейді ол.

Дина Таңсәрі атағандай, бұл оқиға жайлы қыз өзінің құрбысына айтып берген.

«Ал оның құрбысы дереу қыздың ағасына хабарласады. Ағасы қарындасын қинағандардың бағытын зерттеп, қылмыс жасаған адамның бірін тауып алады. Ол өзінің қарындасына тез арада полицияға арыз жазып, істі сотқа дейін жеткізу керегін түсіндіреді. Осы кезеңде оның қасында болатынын айтып, қолдау да көрсеткен. Қыз да бұған келіскен. Алайда қыз оқиғадан 3 күн өткен соң өзінің құрбысының көз алдында 9-қабаттан секіріп кеткен», — дейді қор жетекшісі.

Сотта прокурор бұл қылмысты ұйымдастырған адамды өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған. Қалған төртеуінің 15-16 жыл темір торда отыруын ұсынған.

«Оларды зорлау, жыныстық сипатта қорлық көрсету, суицидке жеткізу, есірткіні заңсыз пайдалану және оған бейім болу, адамды ұрлап, бопсалау айыптары тағылды. Алайда сот кезінде айыптаудың баптары өзгеріп кеткен. Оған себеп қыздың өзі терезеден секіріп кеткені болып отыр. Қылмысқа қатысқан 4 адам осыған дейін істі болған. Қыздың отбасы аппеляцияға берді. Бірақ бес адамның төртеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алады», — дейді ол.

Қордың басшылығы бұл оқиғаны бас прокуратура мен жоғарғы сот бақылауға алса дейді.

Редакция осы іске қатысты Маңғыстау облыстық сотына сұрау жолдады.