Буллингтің «көкесі» балалар арасында

0
146

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының хабарлауынша, Қазақстанда мектеп жасындағы әрбір сегізінші бала қатал түрдегі, ауыр, аяусыз кибербуллингке ұшырайды деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл жерде әңгіме балалардың әлеуметтік желіде, ТикТок, WhatsApp пен Telegram-да бірін-бірі жай мазақтауы туралы емес. Топ болып бір балаға жабылу, күн сайын соңына түсіп, қудалау тіпті суицидке дейін жеткізеді.

Орталық мамандары буллингтің, соның ішінде кибербуллингтің қатты өршіп бара жатқанын айтады. Егер бұрынғы заманда мектеп пен көшедегі әлімжеттік – құрбан бала үйіне қашып тығылумен тынса, қазіргі кезде буллерлер смартфоны арқылы оны бөлмесін паналаған жерінен де «тауып» алып, маза бермейді.

Әлеуметтік желіде жасөспірімдер ұнамсыз балалардың зықысын шығару, түнде де тынышын кетіріп, мезі ету тәсілдерін бөліседі. Бүгінде буллинг «24/7» режиміне көшті.

«Қазақстандық жасөспірімдердің 13%-ы, яғни шамамен әрбір 8 жасөспірімнің 1-уі кибербуллингке ұшырайды. Ұлдар арасында (15%) бұл көрсеткіш қыздарға қарағанда (12%) жоғары. Жасөспірімдердің шамамен 11%-ы немесе 9 жасөспірімнің 1-уі басқа балаларға киберәлімжеттік жасаушылар тобына қатысқан.

Ұлдар (14%) қыздарға (8%) қарағанда кибербуллингке қатысқанына көбірек мақтанады», — деп хабарлады Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мамандары «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» (HBSC) зерттеуі қорытындысына сілтеме жасап.

Сарапшылар мектептегі жалпы буллинг 2018 жылдан бері тұрақты түрде өсіп келе жатқанын тіркеген. Әсіресе, жас ұрпақтық цифрлық ортада өзара әрекеттесуінің артуы нәтижесінде мұндай зорлық-зомбылықтың заманауи түрі – кибербуллинг күшейе түсті. Бұл кесел жасөспірімдердің өміріне қатты әсер етеді.

Сонымен, HSBC зерттеуі көрсеткендей, орта есеппен 11-15 жас аралығындағы ұлдардың 6%-ы мектепте буллингке белсене қатысады. Ұйымдастырушылар да солар. Әлеуметтік желіде бүгінде ондай балаларды «болашақ Бишімбаевтар» деп атай бастады.

Қыздар да қалысар емес: 4%-ы зорлықшыл келеді.

Салдарынан, Қазақстанда жасөспірімдердің шамамен 7%-ы мектепте буллингтен зардап шегеді. Мұнда ұлдар мен қыздар арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Сөйтіп, «буллинг ромбысының» жоғарғы және төменгі ұшы анықталды.

Ортасындағы көпшілік не буллерлердің шашбауын көтеріп, сойылын соға жөнеледі, немесе құрбы-құрдасының қиналысына еш аяушылық танытпай, селсоқ қарайды.

Әрбір он үшінші жасөспірім төбелеске қатысады. Ұлдардың 12%-ы және қыздардың 4%-ы сыныптасын не өзге оқушыларды ұрып-соғуға үнемі құмар тұратын көрінеді.

Фото ашық дереккөзден алынды.