Еркек дәрігер әйелді қарамасын деу — надандықтың белгісі
Екі-үш күн бұрын сайттар бірінен кейін бірі «Тик-Ток белсендісі ер адамдар акушер-гинеколог болмауы қажет деп үндеу жасады» дегенді салып жатты.
Содан видеосын Тик-Токта көріп қалдым. Видео авторы қысқасы: «Ер адамдар акушер-гинеколог болмауы тиіс, қалай олар әйелдерді қарайды? Бұл дұрыс емес, дені дұрыс мамандық таңдамайсыңдар ма» депті.
Бұл үндеуді қолдап жатқандар да, қарсы болып жатқандар да бар екен. Кеше тағы осындай бір видеоны көзім шалды, тізбекті реакция әсері ме, әйтеуір тағы бір жігіт «әйелді әйел адам қарауы тиіс» деп айтып жатыр.
Басқа-басқа, бірақ медицинада менің көзқарасым бойынша жыныс болмайды. Дәрігер — ол мамандық. «Біреудің әйеліне еркектің қолы тимесін» дейтін діни түсінік те, ұят та бұл жерде жүрмейді деп ойлаймын. Бұл жерде өмір-өлім мәселесі.
Гинекологиядан бөлек, сан түрлі медицинада сала бар ғой. Маммологтар бар, көбі ер азаматтар. Хирургтар бар, көбі ер азаматтар. Операция жасайды. Ауыр операцияда киімсіз жатады адам.
Талабы сондай, онсыз болмайды. Сонда хирург ер азамат болса, операция жасатпай, әйел хирург табылғанша күтіп отыра ма? Акушерлердің арасында ерлер бар. Сондықтан «дәрігерде жыныс жоқ» деп түсіну керек-ау. Жеке ойым солай.
Күмәнді баттар мен қандай да бір медициналық әсері шынайы дәлелденбеген «дәрумендерді» жарнамалап, «ойбай, осыны ішсең елуіңде 25-тегі жігіттей боласың» деп төсектің айналасындағы тым төмен әңгімені айтып отыратындар, енді медицинаға келіп соқтыға бастапты.
Баяғыда Астанада Иегова куәгерлері ұйымының мүшесі ауыр науқас қызына қан құюға тыйым салып, шу болып еді. Өткен жылы Ресейде әйелін ер гинеколог қарағаны үшін күйеуі дәрігерді бас-көзге қарамай ұрып тастаған болатын. Сол баяғы қараңғы түсініктің салдары ғой.
«Шекарасыз дәрігерлер» деген ұйым бар. Солардың бір дерегін келтірейін. Олар айтады, Ауғанстанда «әйелдерді әйелдер ғана қарайтын» заң енгізілгеннен кейін, әйелдер арасында өлім артқан.
Әр 1000 әйелдің 70-сі босану кезінде немесе жүктіліктен кейінгі қалпына келу сәтінде көз жұмады. Себебі сапалы медициналық көмек жоқ, әйел дәрігерлер саны жеткіліксіз, ал күйеулері немесе ағалары әйелге ер дәрігерге көрінуге көбіне рұқсат етпейді.
Салдарынан әйелдердің өлім-жітімі артқан. Қараңғы түсініктің соңы осы ғой. Сондықтан бұндай түсініктен аулақ болайық. Медицинада өлім мен өмір күресі болып жатыр. Адам өмірі бәрінен қымбат!
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.