«Еркектер де никаб киюге тиіс» дейді діндар әйел
Democrat.kz. ақпараттық порталының WhatsAPP нөміріне қызық бір хат келді. Хатты оқып шығып, иесіне хабарласқанымызда, тіпті таңғаларлық ұсынысты естідік. Сонымен хатта не дейді?
Хат авторы Қаламқас САТТАРБЕК өзінің Шымкент қаласынан екенін айтып: «Бүкіл дін атаулыда әйелге «олай етпе, бұлай етпе» деген бұйрық-әмірлер өте көп. Біздің Ислам дінімізде де солай.
Әйел адамға жасалатын тыйымның көптігі сонша, тіпті шатысып кетесің. Дін жолында жүргеніме аз болмады. Аллаһымның бұйырған әмірлерін түгел орындауға бар күшімді салып-ақ жүрмін.
Алайда… еліміздегі осы қасиетті діннің жолында жүрген бірнеше имам-ұстазға бір сұрақ қоямын деп жексұрынға айналдым.
«Әйел әуретті жерін түгел жауып жүруге тиіс деді. Неге тек әйел ғана жауып жүруі керек?» деп өзім барып жүрген шымкенттік бірнеше мешіттің имамынан сұрадым.
Ешбірі жарытып жауап бермеді. «Әйел — еркектің аманаты. Аманатын сақтау үшін күйеуі не бұйырса, соны әйелі орындауға міндетті. Әйелдің ашық тәніне өзгелер көз салмауы керек. Көз салса, еркектің қызғанышын оятады. Оның ақыры дауға ұласады» деген жауап қана мардымды шықты.
Алайда «әйелі де күйеуін басқалардан қызғанады. Мысалы, мен де күйеуіме бөтен әйелдің көз салғанын қаламаймын. Мен сияқты қызғаншақ әйелдер не істеуі керек?» деген сұрағыма «сіздегі қызғаныш — шайтанның ісі» деп қысқа қайырды.
Ал жолдасым «ыстық күнде пысынап өлермін жабық киініп» дейді. «Құран-хадисте еркекке әуратты жерін бүркесін деген әмір жоқ» дейді жолдасым.
Бұл — әділетсіздік емес пе? Еркектің қызғанышы орынды, ол қызғанышты болдырмау үшін әйел оранып жүруі керек. Ал әйелдің қызғанышы — шайтанның шаруасына айнала салды. Бұл қалай?
Әйел де — Аллаһтың жаратқан пендесі. Оның да сезімі, қызғанышы бар. Некелі күйеуіне басқаның көз салғанын әйел де қаламайды. Олай болса, мәселе — еркек пен әйелге ортақ. Еркектер де біз сияқты бастан-аяқ оранып киінсін. Тіпті, біздің никаб секілді киім киіп, тек көздері ғана ашық қалсын.
Шынайы мұсылман еркектер барынша жабық киінбей ме? Ал біздегі жігіттер тобық, білек, мойындарын жалтыратып ашық ұстайды. Әйелдің көзі сол аймақтарға түседі. Көз зинасы осындайдан шықпай ма?
Біле білсеңіз, еркектің шашы, сақал-мұрты, мойны, қарулы қолдары — әйелдердің көз салатын ең маңызды жері саналады. Олай болса, мұсылман еркектеріміз де әлгіндей жерлерін көрсетпей, жабық ұстасын. Әлде, менің бұл ойым қате ме?» деген сауалын жолдапты.
Оқырманның бұл хатына байланысты сіз қандай пікір айтасыз? Көтерілген мәселе дұрыс па, әлде «шайтанның ісі» ме?
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.