«Фәтуа айтатын үлкендер фак ю көрсетіп…» деген М.Тазабек халықтың сынына жауап берді

0
523

Бұрынғы айтыскер Мұхамеджан Тазабек өзінің парақшасында тағы бір жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

«Мағауин жайлы постым неге шулатып жіберді?» деген тақырыппен жариялаған жазбасында Мұхамеджан Тазабек ағынан жарылып, ақтарылыпты десе де болады.

Діндар азаматтың жазбасын еш өзгеріссіз сол қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Бір оқырманым жазыпты, “Аға, постыңыз жарияланған бетте бәрі дұрыс қабылдап, жақсы қолдау білдіріп жатыр еді. Аяқ асты не боп қалды, бірінен кейін бірі шуылдап, айыптаған посттар, көшіріп басқан сайттар көбейіп кетті. Түсінбей қалдық қой?”-деп…

Үндемей-ақ қояйын деген едім, осындай жанашыр оқырман-достарым қисын сұрап жатқасын, жауап жазбасам болмас деп ойладым.

Оның үстіне фейсбук — жәй бақылап отырған алаңым емес, алпыс мың оқырманым бар, қаншама адам сеніммен тіркеліп, қызығушылықпен тақым қысып отырған, ТОП ондықта тұрған тұғырым ғой.

Мен ештеңеге таң қалмадым. Ренжімедім де. Бірінші рет емес. Боп жүрген бопса, көріп жүрген құқай!

Ұзында өшім, қысқада кегім жоқ.

Күтілген нәрсе, баяғыдан бар — ақпараттық көкпар, дуылдасқан пікір додасы ғана.

Өзіміз Құдайдан сұрап алған — пікір еркіндігі, сөз бостандығы, ой-тұжырым алуандығы деген осы емес пе?!

Керісінше күшті ғой. Бір пост мыңдаған мақалаға, жүздеген сайттарға, ондаған подкасттарға талғажу болып, талқыланып, миллион адамдардың миына қозғау салды. Мұндай ықпал, мұншалықты назар, аузы дуалы дегендердің өзіне арман боп, жоғарыдан қаржы алып отырған сайттардың өзі осыншама танымалдылыққа қол жеткізе алмай, күн сайын өтірік ат қойып, өнбейтін жаңалық таратып, әуре боп жатқан жоқ па?!

Тек, біз біреуді мақтасақ, тайлы-таяғымызға дейін көтеріп, пайғамбардан асырып, періштеге тақап, Құдайға жақындатып қоямыз.

Біреуді жамандасақ, жер-жебір, жекен суына жетіп, ақырында “елден көш, болмаса соттаймыз немесе өлігіңе куә болайық” деп, ана дүниеге апарып тастаймыз.

“Ұлы адамда да қателік болады, әулиеде де пендешілік болады, артық жерін алайық, кем жерін кем деп қарайық, табынбай-ақ таниық, табаламай-ақ талдайық” десең, “жоқ, мен сияқты ойламасаң жаусың, сен сияқты ойлайтындарды құрту керек” деп шығамыз…

Артық кеткен түгіміз жоқ. Жеке пікірімді білдіріп, оймақтай ғана ойымды жаздым.

“Талақ” деген сөзге талақтай жабысып немесе талағы тарс кеткендер бар. Ауыспалы мағынаны білетін, көркем сөздің көркін танитындардың ешқайсысы одан ілік іздеген жоқ.

“Өзі үшін жазды” дегенге өгейсіп, “бізді жек көрді” дегенге біз тыққандай шар ете қалғандар болды…

Онда тұрған не бар. Ісіңді әуелі өзің жақсы көресің, сол үшін жасайсың. Өзің үшін пайдалы көріп жасаған шаруа ғана өзгеге шуақ түсіреді. Өзің үшін ұнатып істемесең “көңілсізден кө’сіз бала туады“…

Елден үлкен ешкім жоқ!

Бірақ, көңіл деген бар. Ерке жазушы ғой, біразымызды жек көріп, еліне еркелей ренжісе не бопты?!

Қаншама пайғамбар бар, қауымынан көңілі қалған. Қаншама хандар бар, батыры бағынбай, билері қисық сөйлеп, қазысы сатылып, қауымы ынтымақтаспай қойған?!

Бейбарысты бала кезінде сатып жібергенбіз, Абайды ұрғанбыз, Махамбетті өлтіргенбіз, Кенесарыны қиғанбыз, Алаштың арыстарын ұстап бергенбіз. Азаттық алып ек, жемқорлықпен оянып, бәлеқорлықпен ұйықтап, басымыз тағы бірікпеді. Ұрлай алғандар мен ұрлай алмағандар боп екіге бөлініп, қырылып жатырмыз. Айналдырған отыз жылды “ескі”, “жаңа” деп екіге бөліп, ебі кеткен ел боп тұрғанымыз өтірік пе?

Бабалар бізден де сапалы кезде, Абай да өз халқынан көңілі қалған. “Ел болар деп енді өзіңді айта алмаймын” деп түңілген. “Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да” деп салы суға кеткен.

Бірақ, қолынан келері сол жазу болғасын, бәрібір сол халқының қажетіне қызмет етіп, өлеңін де, қара сөзін де көңілі қарайып, жүрегі жыртылып отырып жазып кеткен.

Мұқағали да “Қазақтың жігітінен дос таба алмай” қыз да болса Фаризаға мұңын шаққан…

Қой, жігіттерге неге ренжисің деп айта алмаймыз. Ақын. Түсінеміз. Бірақ, сол ақынның жанын күйдіріп жазып кеткен жырын қаншама қазақтың бүгінгі жігіттері жалау ғып көтеріп жүр…

Мағауин мұңлы ұрпақтың өкілі. Сапасыз сатқын ұрпақтың замандасы. Опа бергеніміз шамалы. Елге ренжіген жоқ деп ерекшелеудің керегі не?

Ел деген — тек сүйген оқырманы ғана емес, жүйеге жүгенделген жазушылар, ақындар, ғалымдар. Болыспаған қаламгерлер.

Мәселе ренжігенінде емес, ренжіткенімізде. Мен соған акцент бердім. Ренжіте берсек, әлемдік деңгейдегі Мағауин ғана емес, мектепті жақсы бітірген бала да елде қалмайды. Қадірін білетін, қанын ішпейтін, қаржысын төлейтін, қақысын жемейтін жерге тайып тұрады.

”Бабамның сүйегі жатқан жер” дегенде намысымыз ойнайтын. Енді ол құндылықтың тігісі сөгілді. Бұрын бабалардың сүйегі жатта қалса, үлкен себеп болатын. “Соғыс, шекара, шахид өлім” елге жеткізбей, еркіне қоймай, білгенін жасайтын. Ал, атамыздыкі өз қалауы. Сондықтан көңіл бұрғызады, бірдеңе дегізеді. Ешкім танымайтын азамат емес, өмір бақи “тарих, таным, туған жер” деген құндылықтардың жоқтаушысы болғасын “неге олай қылды екен” деп ойландырады. Атамыз қайда жерленем десе де өз еркі. Қалауына құрметпен қараймыз. Бірақ, басқа заман, басқа өлшемдер келгенінен хабардар болуымыз керек. Атамыз соны бастап берді. Мен соған уайымдадым. Әйтпесе, рас, Алланың жері кең. Әркім өзі біледі…

Мағауинді періште, бізді шайтан ғып көрсетуге шаршағанша, қалай ел боламыз, жақсымызды жатқа жібермей, сүйегін сыртқа қалдырмай, берекелі елге қалай айналамыз, соған бас қатыру керек.

Кез-келген ерекше дарынды, аса қуатты ақын, жазушы маңайына ренжиді, қапелімде сырласар жан таппай қалады.

Тапса бала сияқты қуанады. Ол сөзге жабысып қажеті жоқ. Замандасына кейімеген, айтқанымды ұғып, ақиқатты тани қоймадың деп қауымына , барғанда қадірімді қатты біле қоймады деп жерлестеріне, дұшпаннан таяқ жегенде болыспадыңдар деп, дос-туғанына, елге көрсеткен құрметті маған қимады деп билікке ренжімеген шығармашылық өкілі кемде-кем. Олар солай, ренжіп жүріп, риза қылады, кейіп жүріп қуантып кетеді. Эмоциясыз жазушы, мінезсіз ақын болмайды. Мінез болса ренжисің, эмоцияға берілсең артық кетесің…

Абай да ренжіген, Мағауин де ренжіген, бір жерімізге қарамай біз де кейде ренжиміз..

Сосын, “қашты” дегенге қаны қарайғандар бар екен.

“Қашудың да екі түрі бар.

Кісі қақысын жеп, заңнан аттап, қандай да бір қиянаттан қарабет боп қашу бар.

Екінші, пайдалы ғылым жасап, жүйкеңді сақтап, танымды кітап жазып немесе отбасыңды дамитын ортаға апару үшін, ырду-дырдудан, бірлі-жарым дұшпаннан, қадірлеймін деп қадірлі уақытыңды жейтін парықсыз ортадан қашу бар. Менің Мағауин атам жайлы айтқаным сол екінші “қашу” еді. Пиғылы дұрыс жанның бәрі солай түсінді, жақсылық қимағандар ғана сөзімді бұрмалап, астар беріп, оқырмандарды арандатты.

Мен де уайым жоқ. Алла жүрегіме тыныштық салған. Талап жатқандарды түсінемін. Ол мен айтқан сөздер үшін емес, менің тұлғама қатысты нақты тапсырыстардан туындағанын түсінемін.

Дінім үшін, ұлтқа пайдасы тиген , халыққа ұнаған сәтті жобаларым үшін, саяси топтарға да қосылмай, биліктің де жолына тұрмай шаруа шешкенім үшін, көпке жағатын сөз айтпай, ойымды еркін білдіргенім үшін…

Жәй нәрсе емес, “таяқ жеуге” тұрарлық себептер…

Ұзақ уақыттан бері ізіме түсіп, табанымды тайдырғысы келетін топтар бар. Жығылмаған сайын жыны ұстап, өлмеген сайын өшпенділігі артып жатады. Аяғаннан басқа амалым жоқ. “Тәңір баққан тоқтыны қасқыр жемес!”

Алла қолдап келе жатқан, елге пайдалы екенімді түсінер уақыттары болды. Бірақ, “барды емес, іздегенін көретін” бәтшағарларға не айта аласың?!

Ақты ақ, қараны қара деп білетін, сұңғыла жандар бәрін ұғынып отыр. Бірақ, олар белсенді емес, қара ниетті топтар ғана айғайшыл, арандатқыш, жөнге салғыш…

Пост жазып, мақала ұйымдастырып жатқан әйгілі аға-бауыр, апа- қарындастар ата жауым емес. Менің дәл ондай ұлтқа опасыз емес екенімді өздері де біледі, іштері де сезеді. Артында байқатпай жол сілтеп, қазақты қазаққа айдап салып, ақпараттық соғыс ұйымдастырып отырған топтар бар. “Ағайын ел еді ғой” деп, орыс пен украинға ренжиміз. Біздің олардан қай жеріміз артық?!

Ақпарат алаңында майдан ашып ап, бір-бірімізді аяусыз атқылап жатырмыз. Жарықшағы оқырмандарды оңдырмай жатыр. Елден обал!

Мені де қарсыласуға, рухани соғысуға шақырып, ортаға тартқалы қашан?!

Бірақ, мен Алла үшін сабыр қылам деп шештім. Алла берген ақындық дарыннан бір қазақтың баласына зияным тиіп, жаны жараланбай-ақ қойсын!

Ұлтымның ұлын, қазақтың қызын сөзден жеңіп, тұқыртып, дофамин алмай-ақ қойдым…

“Бәленше қолдап отыр, әйтпесе құртар едік” деді. Ол кісілер жоқ. Заман басқа, билік бөлек. Бірақ, мен өз жолымда келе жатырмын. Түсінудің орынына, әлі тықсырудың қамымен олар жүр. “Бәленшенің демеуімен, түгеншенің жебеуімен жүр”. деп , күнін күткендер болды. Бәленшесі де, түгеншесі де басымен қайғы. Біз елге қызмет, Һахқа құлшылық жолындамыз. Оны ажыратып, оң-терісін парықтап, жатқан ешкім жоқ!

Ақпараттың тасқынында, пікірдің толқынында отырған елден обал. Жанашырды жау, сайқалды саңлақ көрсетіп, бұзғыншы топтар білгенін жасап жатыр…

Ғалымдардың сөзі бар, “Әлеуметтік желінің текпісіне шыдамасаң, әлеуметтік желіге кіріп қажет емес” деген.

Сондықтан мен бұл жерде эмоциямен ғана жүрген ерке бала емеспін, әр нәрсеге салқынқандылықпен қарап, сабырмен ой өрбітіп жүрген ақынмын. Соңғы он бес жылда мен жайлы не айтылып, не жазылмады?!

Ақиқатқа лайықтылар анығын түсініп отыр, жүрегінде дерті барлар көктен хабар келсе де керек қылмайды. Сондықтан, уайым жоқ…

Себебі, бәрі де өткінші!

Алла берген абыройды пенделер кеміте алмайды, жек көргісі кеп тұрған жанды пайғамбар да жанына ерте алмаған. Ары-бері, жоғары-төмен айта береміз. Түпкі нәтиже, істің ақыры Алланың қолында!

“Диірменде туған тышқан дүбірден қорықпайды!”

Мен айтыстың диірменінен шыққам. Жеңіліп тұрып жеңгем, жеңіп тұрып жеңілгем. Мақтауды да, даттауды ерте естігем. Екеуіне де етім үйренген.

Жүздеген жаман пікір жазылса да ол менің тұлғамды айқындамайды, тек, қабылдап қалған жұрттың жүрегін жаралайды.

Адасқан кездейсоқ біреу болғанымда, мынанша шабуылдан кейін, осы күнге дейін маңайымда біреу қалар ма еді?!

Керісінше, инстада екі миллион, ютубта жүз мыңдаған адам жолымды қарап, тілеуімді тілеп, тақымын қысып отыр. Оның бәрі өтірікке ілескен, жалғанға сенген, өресіз жандар ма?!Әлбетте, олар — дұрыс пен бұрысты ажыратқан, өтірік пен өсекті саралаған нағыз елдің ертеңіне алаңдап, біздің пайдалы ақпараттарымызға құлақ түрген зиялы тұлғалар деп есептеймін!

Ия, әлеуметтік желі, бұл сондай жер, біреу пікір айтады, ол біреуге ұнамайды.

Біреуді мақтаймыз, біреуге ренжиміз. Сонысымен ерекше, сонысымен елге қызық. Әлеуметтік желінің ең үлкен функциясы да сол — пікір еркіндігі, әркімнің өз қалаған пікірін еркін жеткізуге қол жеткізе алуы.

Яғни, түрлі пікірлердің тоғысқан орталығы. Тек, заңға қайшы сөз айтпасаң, біреудің жеке кеңістігін лайламасаң проблема жоқ.

Бірақ, біз сондаймыз ба? “Әдептен озбай, жүректен қозғай” жазып жүрміз бе?

Еркіндігіміз есерлікке, пікіріміз күпірлікке ұласып кетіп жатқан жоқ па?!

“Ойын білмеген бала шешесінің артын шұқып ойнайды”, “Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды”, “Құлды қойсаң еркіне, күнде тышар бөріне” боп жатқан жоқпыз ба?!

Тазабекті ТАЗАБОҚ деп, біреудің тегін мазақ қып, “Сақалың сыпыртқыш, намазың тоңқайтқыш” деп, біреудің сенімін аяқ асты етіп, қандай әділдікке жетпекпіз, қандай бақытты қоғам құрмақпыз?! Қатты жамандалғанның, артық айыпталғанның бір жақсы жері, бір жаман жері бар.

Жақсы жері — адал достарыңды оп-оңай ажыратып аласың, пендешілікпен жуысып жүргендерден қолма — қол құтыласың.

“Ер болсаң бопсаға шыда” дегендей, сынақтан өткен сайын ширап, еркектігің артып, қылт-сылт еткен қызға тән өкпе, әйелге тән әсер қуған қылықтардан біржола құтыласың.

Өмірге өте сергек қарап, адамнан күту, адамға ренжу дегендерден алыстап, Алланың өте жақын, ерекше мейірімді жалғыз жарылқаушың екеніне иманың беки түседі.

Біреудің мақтауын қажетсінбейтін, біреуді даттауды артық энергия жұмсау деп есептейтін, ешкімге жағынбай, ешкімге кіжінбей ерекше бостандықта өмір сүрудің кілтін қолға түсіресің…

Ал, жаман жері — бетпақ пікір, бейәдеп сөздерге жауап берілмеген соң, мәдениеті төмен, ортасы оспадар біреулер оны стандартты жағдай ретінде есептеп, қалыпты қарым-қатынастай көріп, өз өміріне қолдана бастайды. Зиялы деген орта запыран төгіп, “тазабоқ, мұнафық, сатқын, жәдігөй” деп жауапсыз сөздерден жіберіп жатқан соң, жәй жүрген орта бір-бірін тексіз сөздермен ғана тұздықтап, өзара түрмелік терминдермен ғана тіл қатысатыны түсінікті нәрсе ғой…

“Жаман жақсының жағасынан алдым, деп мақтанар” дегендей, арландар бір-бірін аяусыз талап жатқанда, шибөрілер жан-жақтан ынтыға кеп тісінің қышуын қандыратыны айтпаса да түсінікті!

Тағы да сол Еуропа, батыс еске түсе береді ғой. Ондай артық сөздер ол қоғамда орын алса, екінің бірі соттың алдында, айыппұл алған шоктың алдында отырар еді.

Е, қоя бер, “ит үреді, керуен көшеді, ертең-ақ ұмытылып кетеді” деп қазақшылыққа саламыз. Ия, керуенге еріп үрген ит бір бел асқан соң қалатын еді, қазіргі интернеттің иті он жыл өтсе де балағыңнан тістеп, парағыңнан шықпай, алдыңды орап, сілекейін жақпаған жері қалмайды. Ондайды бірақ, қазақ: “Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар“, “Ауыруда шаншу жаман, сөзде қаңқу жаман” деп айыптайды…

Еуропалық қоғамның әділ қарым-қатынасын, заң үстемдік құрған сипатын аңсаймыз да, соған қиналып жеткен даму кезеңдерін керек қылмайтынымыз өкінішті!

Әлемге қарасаң, қай жерде әлсіз билік, тобырлық сана — сол жерде тұлғалар тұмшаланып, тексіздер төрге шыққан. Есенқұл ақын айтқан “құнсыздар” құрмет көріп, сәулелі кісілер сәтін күтумен өмір өткізген.

Бетпақтар жеңген, бейбақтар көнген. Ұлылар қанша үнсіз қалса, ұрылар сонша бай-байлап, бебеу қаққан. Ұятсыздар бақырған сайын ұлыққа жағып, тыныштандыру үшін гранттар алған. Арлылар абыржыған сайын назардан алысқа итеріліп, “көп қадірін біліп, көсем боп кетпесін” деп, тексіздердің талауына тасталған…

Қоғам көрінісіндегі ең жаман нәрсе — ықпалды жерде ынсапсыздар, шешетін жерде шегетіндер, беретін жерде алатындар отырғанда орын алады екен.

Фәтуа айтатын үлкендер фак ю көрсетіп, “тек” дейтін әжелер тик-токта прикол айтып, чаттарда батыл сөйлейтіндер, жатқанда жеке ұйықтауға қорқып, пікірде боқтап сөйлейтіндер, көшеде тоқтап сөйлесуге шыдамай, сағаттап порно көретіндер, жарының жүзіне жымиып қарауға да жарамай ысыраппен өтіп жатқан уақытты айтсаңшы?!

Туалетте отырып жазған пікірін ту тіккендей көретін мүттайымдар көбейген заманда, расында, кімге, не деп ренжисің?!

Пікір еркін, пенде тәуелсіз болғанға не жетсін?!

Әйтсе де, қауым құндылықтармен өмір сүргенде халық болады. Аузы қисық төрде сөйлеп, ниеті бұзық БАҚты билеп, бүлікшілер бір-біріне күйлеп бастағанда қауым тобырға айналады. Тобыр білгенін жасағанда, тұлғалар тұғырдан таяды. Тұлғасы қор боп, тұғыр тобырға толғанда қауым азаттығынан ажырап, анталаған жаудың астына түседі….

Ал, алыстан жем жеп, жұртына жау сағынған сатқындар сол мезетте тайып тұрады немесе өзі қазған орға өзі жығылып, не дүниеде, не ақыретте жақсылық көрмей Алланың азабына ұшырайды.

Біз қазақ, төтенше жағдайда, қағілез, сыни ойлай алатын, дос пен дұшпанын ажырата алатын ұлтқа айналуымыз керек. Әйтпесе, “өзі сияқты ойламаса, өзгені жау санайтын, қиялында ғана демократ, шынтуайтында кішкентай тирандардан тұратын” қоғамға айнала береміз.

Ол өте қауіпті!

Алла қазақ баласын қамсыздықтан, қаперсіздіктен, қараулықтан сақтасын!

Абайлар, Ахметтер, Мағауиндар тастап кеткен білім иесін тауып, қиаметке дейін көк туы қисаймайтын ынтымақшыл, берекелі ел болуымызды Алла тағдырымызға жазып, бір Өзі қолдасын!» деп жазды діндар Мұхамеджан Тазабек.

Фото интернеттен.