Қазақ неге аруақты құрметтеп, сыйлайды?

0
262

Аруақ ұғымына қатысты екі жаңсақ пікір бар. Қайтыс болушының жаны аруақ деп аталады, олардың қайда баратыны мен қандай болатыны тірілерге анық емес, тек олар тірілерді жебеп, қолдап, бақылап жүретіні туралы қазақта толыққанды түсінік бар.

Толыққанды дейтініміз, аруақты сыйламау қазақ үшін Құдайды сыйламаудан да артық сұрқиялық есептеледі.

Ежелгі деректерді қарасақ, 2600 жыл бұрын Самостық Пифагор жанның өлместігін алғаш ғылыми контексте пайымдаса, кейін, 2400 жыл бұрын Сократ адам жанын заттармен салыстырып, жанның бөлінбестігі, пішінсіздігі, салмақсыздығы секілді қасиеттері бойынша ол жойылмайды, өйткені жойылатын нәрсе қалайда бөлінетін нәрсе болуға тиіс деп есептеген.

Кейінгі мүлде көп санды ойшылдар мен ғалымдар жанның өлмейтінін, кейі оның жаңа денеде қайта оянатынын, кейі олардың әлемдік рухқа қосылатынын, кейі басқа бір дүнниеге баратынын болжайды.

Әрине, нақты факт болмаған соң оны болжау деп есептеуге болады. Осылардың арасында ибраһимдік діндер жанды соңғысы — басқа бір дүниеге барады деп болжайды.

Осы жерде маған екі нәрсе қызық болып тұр. Бірі Аруақ сөзінің этимологиясы туралы. Көбі Аруақ сөзін арабша рух сөзінің түрленген нұсқасы деп есептейді.

Бұл да Нью Йорк деген Ну Өрік дегеннен шыққан деген әңгіме шығар деп ойлап отырмын. Уәжіміз былай. Арабтық дүниетаным мен тіл мәдениетінің негізін салған исламдық сенім жүйесінде Аруақ түсінігі жоқ.

Ендеше арабтарда жоқ түсінікті қазақ қалай арабтардан ала қояды? Сосын, Аруақ сөзін бөлшектесек, «Ар», «Ару», «Ақ» сөздері аңғарылады. Ар көне түркілік адамгершілік түсініктің қазық ұғымы.

«Ару» сөзі «арулау» сөзінің түбірі болып, қазақ қайтыс болушыны «Арулап жерледік» деп атайды, мұнда ол тазарту, пәк, саф деген мағыналарға жақын болуы мүмкін, төл мағынасы ұмытылған.

«Арулану» — жанның тазаруы, даналық терминологиясында «Катарсис» деген сөз. Қайтыс болушы осы дүниенің азабы мен кірінен арылып, енді сап нәрсеге — аруаққа айналады, енді оның нәпсісі, пендешілігі, әлсіздігі болмайды, ол мейірбан және ізгі жан болады. демек ол Аруланды.

Ал, «Ақ» сөзінің де таза, кіршіксіз мағынасы көпке мәлім. Тіпті де маңыздысы, қайтыс болушының рухы адамдарға көрінгенде (сондай ертегі-аңыздарға қарасақ) «Ақ киімді», «Аппақ нұрлы» болады, аруақты ақ етіп сипаттау қазақта басым.

Аруақтың қара түсті, не басқа түсті болып көрінуі мүлде ақылға сыймайды. Яғни, Аруақты Ақ түсті деп сипаттау қазақы мәдениеттің ерекшелігі.

Демек, бұдан келіп шығатын қорытынды, мейлі Аруақ сөзі Ар сөзінен, не Ару сөзінен шықсын, немесе онда Ақ сөзі болсын, қазақы дүниетанымдағы қайтыс болушының сипатын дәл беріп тұр.

Ендеше, аруақ сөзін қайдағы бір арабтың Рух сөзінің бір нұсқасы деп кесіп айтпас бұрын, бұл сөздердің келіп шығуы мен мәдени мағыналық астарын ұғынған жөн.

Екіншісі, Әл-Фарабидің «бақыт туралы» атты еңбегіндегіндегі кейбір қайтыс болушыға қатысты пайымдаулары туралы. Әл-Фараби 1000 жыл бұрын араб-парсылар арасына барып, сонда білім алып, сонда кітап жазып, сонда әйгілі болғандықтан, ол өмір-өлім мәселесіне арабтық ислам дүниетанымы бойынша қарайды деп ойлайтындар көп. Енді қарайық:

Әл-Фараби бойынша, адам кемелденуі дегеніміз ғарыштық тәртіпке сай адамның өз-өзін табуы есептеледі. Тірі кезінде адам әрі гибридті, материалды болмыс, және онда материалсыз – жан бөлігі де бар.

Бұл екеуі адам бақытына бірдей әсер етеді. Табиғаттағы басқа тіршілік секілді, адам да табиғат заңдарына бағынған түрде материяға әсер етіп өмір сүреді.

Дегенмен басқа тіршілік түрлері жан сақтау мен ұрпақ қалдыру сферасынан шыға алмайтын болса, адам ғана таза ой-толғаныстар арқылы “актив интеллект” деп аталатын материалсыз, жан бағудан жоғары, аспани болмыс қасиеттіріне қол жеткізе алады.

Бұл актив интеллект адам денесіне әсер етпейді, қайта парасаты мен қиялына, ойлауын қамтыған психологиялық қасиеттеріне әсер етеді. “Актив интеллект адамдарға сол үшін күресетін қабілеттер мен ережелер береді, – деп жазады Әл-Фараби, – немесе оны қолданып адамзат өз кемелденуі үшін күресе алады. Бұл ережелер жанның ақыл бөлігі ие болған ғылымилық және түсіне алу қабілеті.”

Әл-Фарабидің Соңғы мәңгілік бақыт ұғымы діни мағынада, әсіресе исламдық мағынада емес, өйткені соңғы бақытқа дінни талаптар бойынша емес, адамның ойлау мен ақыл-ғылым қабілетін жетілдіру арқылы ғана қол жеткізе алады.

Сондай-ақ бұл соңғы мақсат дененің қайта тірілуі арқылы емес – ислам діні бойынша өлгендер ұзақ ұйықтап жатады да, ақретте денесімен қайта тіріледі, – қайта интеллектуалды шаттықпен жанның қайта тірілуі арқылы болады.

Бұл соңғы бақыт күйі адамның өмір бойғы даярлануы және күресуі арқылы жететін күй. Өмірдегі өз даралығын кемелдендіріп қол жеткізген жетістіктер оның кейінгі өміріндегі бақытының аз-көптігін белгілейді.

Кемелдену адамның түрлі табиғи міндеттерді еркін орындауына қатысты болады, әркез тума берілген артықшылық, немесе белгіленіп қойылған тағдыр емес.

Әл-Фарабидің бұл идеясы жұмақ пен тозаққа баруды тек Құдай өзі ғана шешетін Ибраһимдік діндердегі түсінікпен бірдей емес. Сенің аруағыңның бақытты болуы сенің өзіңе байланысты.»

Демек, Әл-Фарабидің түсінігіндегі (осы дүниедегі және өлгеннен кейінгі) мәңгілік бақытқа қол жеткізу осы дүниедегі ақылдық қабілеттердің үздіксіз ашылуы мен жетілуі арқылы оның келесі өмірдегі аруағының шаттануы (разы болуы) мағынасында айтылған.

Бір ұрпақ қайтыс болғанда, олардың жаны денесінен босайды және өмірдегі табыстары мен кемелденуі бойынша шаттыққа бөленеді, немесе жамандықтары бойынша қайғырады – яғни, Әл-Фарабидің келесі өмір туралы бұл түсінігі қазақы Тәңіршілдіктің дәстүрлі аруақ түсінігіне сайма-сай айтылған.

Демек, таптаурын болған алданыш түсініктердің бетін тырнап ашып, қайта қарау керек. Қасаң идеяларды балғамен шағып, олардың ішінде не барын қайта анықтау керек.

Жазба әлеуметтік желіден алынды.