“Қит етсе, мұғалімді кінәлаймыз”

1
612

Әпкем ұстаз. Соңғы кездері мұғалімдік мансабына бұрынғыдай құлшынысы болмай жүргенін айтты. Оның себебін әсіресе бастауыш сынып оқушыларының оқуға деген зейіндерінің қашқанымен түсіндірді.

— Сабақ бойы көңілі басқа жақта отырады. Тақтаға зер салып қарамайды. Білуге деген ұмтылыс, көзерінде ұшқын жоқ, — дейді ол.

— Демек өзің дұрыс қызықтыра алмайсың. Балаға үйрету, зейінін ашу міндетің емес пе? — дедім, негізгі себебін біліп тұрсам да.

Бұл көп ата-ананың айтатын әдеттегі уәжі. Олар осылайша балаға дұрыс білім мен тәрбие берудегі жауапкершілікті мұғалімнің мойнына арта салып, өзін кінәсіз сезінсе болды. Бала болашағына алдымен ата-ана жауапты екенін түсінбейді. Немесе түсінгісі келмейді…

Ата-ана мұғалімге, мұғалім оларға итермелеп жүріп екі ортада зардабын бейшара балалар көріп жатыр…

Кешегі, биылғы оразаның соңғы күні ауызашар кезінде де, дастарқанда осы мәселе көтерілді.

— Немеремнің есіл-дерті телефон, телевизор. Сабақтан шыға сала соны ойлап үйге асығады. Келе салып теледидардың алдына ютуб көруге жайғасады. Кеште бізге жаңалық көрсетпей жағаласады. Одан қалса жатып алып қалған уақытын гаджеттермен өткізеді. Сабаққа дым құлқы жоқ. Не бір сыртқа шығып ойнауды білмейді. Оған әке-шешесі де басын ауыртып жатқан жоқ, — деп жатты бір кісі.

Мәселе сонда. Бала үшін бас қатырмайтын боп кеттік. Қит етсе сабақ үлгеріміне мұғалімді кінәлай салу ауызға жеңіл.

Билікті, басқаны айыптап пікір жазуда алдыға жан салмайды сол ата-аналар. Ондайға шебер. Бірақ билік қоғамның, ал қоғам отбасының айнасы екенін білмейді-ау…

Ертай Нүсіпжановтың

Facebook парақшасынан.

Фото ашық дереккөзден алынды.