«Көп әйел алу жетімдерді көбейтуі мүмкін»

0
275

Massaget.kz. сайтына сұхбат берген дінтанушы Елнар Берікбаев  көп әйел алу тақырыбына да тоқталды деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы.

Оның сөзінше, көптеген хиджаб киетін қыз екінші, үшінші әйел, тоқал болуға қарсы емес. Бұл енді ғана тарап жатқан үдеріс, не дегенімен көп әйелділік Қазақстан Республикасының заңына қайшы екенін есте ұстаған жөн.

«Әдетте көп әйелділікті ұстанатын отбасыларда балаларға жеткіліксіз көңіл бөлінеді. Мысалы, ер адамның 3 әйелі болса, 24 сағат әр әйел мен оның балаларына уақыт бөлу үшін жеткіліксіз. Бұл қызғаныш пен ренішке әкеп соқтырады.

Бұдан бөлек, тәуекелдің де бар екенін ұмытпау керек. Егер 3 әйелі бар ер адам қайтыс  болса, сәйкесінше, 3 отбасы асыраушысыз қалып, күн көруі қиындайды.

Өйткені, көбінесе көп әйел алатын еркектер әйелдерінің білім алуына, жұмыс істеуіне қарсы. Әйелдер күні бойы балаларының жанында, үйде отырады. Көп әйел алған ер адам қайтыс болса, қаншама бала да жетім қалады», — деді ол.

«Діни көрқарастағы отбасылар жас баласын мәжбүрлейді»

Оған қоса, маман діни көзқараспен өмір сүретін отбасылардың балалары ерте жастан хиджаб киіп, намаз оқитынын тілге тиек етті.

«Егер шындыққа тура қарайтын болсақ, бұл баланың өз таңдауы емес, ата-ана тарапынан көрсетілетін қысым мен жүргізілетін насиғаттың нәтижесі екенін түсінеміз.

Менің ойымша, бұл дұрыс емес, әр бала қалай өмір сүргісі келетінін өзі таңдауы қажет. Ата-ананың бұл жолда көрсете алатын жалғыз көмегі — балаға діни көзқарастағы және атеист адамдардың барын, әлемде әртүрлі дін барын, бұл қалыпты жағдай екенін түсіндіру ғана.

Баланың ақыл-есі жетіліп, кәмелеттік жасқа толғанда діни жолға түсемін десе, ата-ана оны қолдауы қажет. Ешқандай жағдайда баланы мәжбүрлеуге болмайды», — деді ол.

Елнар Берікбаев көпәйелділіктің тағы бірнеше салдарын тізді.

«Көп әйел алу — құндылықтар дағдарысының белгісі. Біздің ата-аналарымыз бірге жұмыс істеп, бірге аяққа нық тұрып, өмір сүру деңгейін жақсарту арқылы барлық жетістікке бірге жеткен. Ал қазір жастар бірден дайынды иемденгісі келеді.

Егер көп әйел алу жағдайы көбейе беретін болса, 40-50 жаста аға буын өкілдері жас қыздарды 2-3 әйелі қылып алады. Ал 30 жасқа толмаған жас, дені сау жігіттер үйлене алмайды, өйткені бәрі бай еркекті таңдайды. Бұл да бір мәселе», — деп қорытындылады маман.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.