Кремль саясаты қазақ даласын кезіп жүр

0
153

“Россотрудничество” 2024 жылғы жоспарын бекітіп, онда орыс тілінің көрші елдердегі позициясын нығайтуға бағытталған федералды жобаны белсенді іске асыратынын жариялады деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы dalainsideке сілтеме жасап.

Жоба «Формирование системы стимулирования интереса к изучению русского языка» в рамках комплексной государственной программы российской Федерации «Поддержка и продвижение русского языка за рубежом» деп аталады.

Орыс тілін қорғайтын ұйым 2023 жылы барлық мақсаттарын орындады. Наурыз айының соңында қорытынды есебін бекітеді. Қазақстанның оңтүстігінде ашылатын үш орыс мектебі мәселесі үкіметаралық деңгейде шешілді. Енді ол мектептерді Кремльдің қазіргі саясаты көзқарасымен сабақ беретін ресейлік мұғалімдермен толтыру бойынша шаралар қолға алынған.

Қазақстандық мұғалімдер орыс тілінен сабақ бере алса да, Ресейдің қазіргі саясатын түркістандық оқушыларға түсіндіре алмайды. Сондықтан Россотрудничество екі жеп биге шығу үшін өздері ашатын мектептердің Кремль идеологиясы аясында жұмыс істегенін көздеп отыр. Ол мәдени байланыс, кадр алмасу деген желеулермен іске асатын болады.

Орыс мектептерінің саны бойынша Қазақстан Орталық Азияның барлық мемлекеттері арасында көш бастап келеді. 2023 жылы Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектептер саны 3606 болса, көрші Өзбекстанда 1 мыңнан астам, Қырғызстанда 751, Тәжікстанда 200, Түркіменстанда 71 мектеп болған.

Қазақстанда биыл 339 880 оқушы бірінші сыныпқа барды. Оның 70,7 пайызы қазақ тілін, қалғаны орыс тілін таңдаған.

Қаймана қазақтың ордасы — Оңтүстік Қазақстанда үш орыс мектебін ашу арқылы Кремль өскелең қазақ жастарының Ресей мүддесімен санасу мәселесін шешеді және оған Россотрудничество қаржыны аямайды.

Енді Ресей мұғалімдерінің келуіне қоғам көзқарасын жұмсарту үшін оңтүстіктегі қазақтілді блогерлерге тапсырыс беру жоспарланған. Бишімбаев процесінде нәтижелі жұмыс істеген блогерлерге өте тиімді ұсыныс жасалмақ.

Одан бөлек, орысша айтыс ұйымдастыру идеясы да күн тәртібінен түскен жоқ. Орыс мектептерінің ашылу салтанатына орай Түркістанда халықаралық мүшайра өткізіп, ақындарды домбырамен орысша айтыстырып қою креативі Россотрудничествоға қатты ұнап отыр.

Фото ашық дереккөзден алынды.