Құранды қазақшаға дұрыстап қайта аудару керек

0
527

Бүгін жұма намазына бардым. Молла хұтба оқыған кезде «Құран, өмір үшін түсірілді. Өмір сыйлайды» деді. Өте орынды айтылған сөз деп ойлаймын. Ал іс жүзінде бұл, Құранды жақсы түсінуді талап етеді.

Осы тұрғыдан, Қазақстандағы қазіргі қазақша Құран аудармалары көңілге қонымды емес деген ойдамын.

Жасыратыны жоқ, осы аудармалардың біріншіден тілі өте жұпыны, аударушылардың қазақша сауаты шамалы ма деп қаласыз. Екіншіден, осы аудармаларда Түркия түрікшесінің және басқа тілдердің ықпалы мөңкіп тұрады.

Үшіншіден, бұрынғы аудармаларда, құранды ұғынықты етіп аударудан көрі, сөзбе сөз аудару салты басым. Бұл кейде ұғынықсыздыққа ұрындырады.

Әйтсе де сол бұрынғы құран аудармаларының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, руханый сұраныстарды недәуір қанағаттандырып кәдеге жарағаны да, қызметі болғаны да дау тудырмайды. Мұны естен шығармау керек дейміз. Бұл істің бір жағы.

Ал қазіргі кезде, Қазақстан дін басқармалығында араб тілінің де, қазақ тілінің де толып жатқан мамандары бар екені сөзсіз.

Сол себепті Қазақстан дін басқармалығы, қолданыстағы бұрынғы аудармаларға жабыспай, осы мамандардан арнайы бір комиссия құрып, Құранды түп нұсқасынан, араб тілінен қазақшаға тіке ұғынықты етіп қайта аударып шығартса нұр үстіне нұр болар еді.

Солай еткенде, ел, мұсылман халық құран аудармасын тағы жақсырақ түсінер еді. Сонсоң бұл жалпы қазақ әдебиетіне қосылатын үлес те болар еді.

Діни әдебиет, қай елдің әдебиетінің де қомақты бөлшектерінің бірі болып табылады. Басқа жағынан, қазір Түркия сияқты мұсылман елінде, Құранды бұрынғысынша сөзбе сөз емес, ұғынықты етіп аудару үрдісінің кең етек ала бастағына да байқалады.

Бұл да біздің келтіріп отырған ой-пікірімізді нықтай түсетін жәй деп ойлаймын.

Сөз соңында айтарым, мен үшін маңыздысы ел мүддесі, ұлт мүддесі, ана тіл мүддесі. Сол себепті, дін маманы, молла болмасам да, жоғарыда жазылғандар менің осы бағытта туындаған жеке ой-пікірім.

Әйтпегенде, біреудің атқарған ісін, еткен қызметін менсінбеу, кемсіту сыяқты бөтен ой біз де мүлдем болған жоқ. Ал біздің бұл ойымызға қосыласыздар ма қосылмайсыздар ма, ол сіздердің өз шаруаларыңыз!

Kayyum Kesici әлеуметтік желідегі жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернетен алынды.