Мал таппайтын еркектің ұрпағын көбейтудің қажеті бар ма?

0
710

Бір сұхбатында актриса Дариға Бадықова көрерменінің қытығына тиіп, ашуын тудырды деп жазады Democrat.kz ақпараттық порталы. 

Айтуынша, актриса көптеген жағдайы төмен отбасыға жан-жақты көмегін береді екен. «Бір отбасы бар, олардың қыста көмірін алып беремін. Енді бір отбасы баласына памперс әперіп көмектесші дейді.  Бардым, бес-алты баласы бар….» деген Дариға Бадықова «ондай мал таппайтын еркектің ұрпағын көбейтудің қажеті жоқ» дейді.

Актрисаның бұл сөзіне қатысты жұрт қарсы шығып, «сенің балаң да болашақта кім боларын білмейсің», «не айтарын, не сөйлерін білмей отырған адам» деген пікірлер жазуда.

Жалпы, бала табуды мәре көретіндер арамызда жеткілікті. Жыл сайын бала туып, ол баласын не жарытып киіндіре алмай, не дұрыс тамағын тауып бере алмай отырған отбасылар өте көп.

Соған қарамастан, қоғамда саны көп, сапасы жоқ сондай бала туралы сөз бола қалса, шамданып, ашуланып шыға келетіндер де аз емес. Тұрақты жұмысың, басыңда баспанаң жоқ. Балаңа әр күн алма, жүзім, айран, сүтін әпере алмай отырсың.

Сөйтіп отырып, жыл сайын бала тапқаның кім үшін, не үшін? Бұл не ақымақтық па? Әлде надандық па? Бала — ойыншық емес қой! Тапқан әр баланың тағдыры, өмірі үшін жауаптысың. Жоқ, біздің кейбір әйелдер баланы байын ұстап отыру үшін тапса, енді бірі «Құдайдың бергені» деп таба береді.

Отбасын асырай алмайтын еркектің баласын табудың қаншалықты қажеті бар? Сіз қалай ойлайсыз?

Қанат ДАСТАН,

Democrat.kz.

Фото ашық деректен көрнекілік үшін алынды.