Мектептің кәсіподағы — директордың мүддесін қорғаушы ғана

0
872

Қырық жылға жуық еңбек еткенде 38 жыл кәсіподаққа мүшелік жарна төлеппін. 1985-1996 жылдары жыл сайын екі рет мемлекеттен бөлінген жеңілдіктер беріліп ( көмір, шөп, жем т.б.) кәсіподақ мүшелеріне теңдей беріліп тұрды.

1994-98 жылдары жарық жоқ құлдыраған тұста кәсіподақтан азық-түлікке талон беріліп еді. Мемлекет мұғалімдерге айлық жалақыны алты айлап бере алмаған.

Мұғалім болған соң телефон тегін, электр қуаты 50% төлеп тұрғаным есімде. Ал 1999 жылдан бері кәсіподақтан балаларымызға Жаңа жылдық конфет те берілмеді.

Кей жылдары блокнот берілді. Корпоративтің кештеріне қордан алынған ақша жетпей өз қалтамыздан қосып төлеп жүрдік.

Ауырған кезде де қаржылай көмек берілмеді, таныс-тамырларына берілген шығар, кім білсін.

Онлайн оқытқан жылдары мұғалімдердің денсаулығы қатты төмендеді 50% жеңілдікпен бүкіл ұжымнан бір адамға ғана санаторийге жолдама беріліпті.

Оны да алмағандар толып жатыр. Соңғы жылдары кәсіподақтан шығып кеттім. Еңбек Заңының орындалуын талап етпейді, директордың билігінің, әлдекімнің бұйрығының орындалғанын қадағалайтын біліксіздер өздерін-өздері сайлап алады.

Қызығы сол — кәсіподаққа өзің өтініш жазып кірмейсің, сыртыңнан жарна ұстай береді. Қашан кәсіподаққа мүше болғанын білмейтіндер жетеді.

Кәсіподақ “Еңбек кодексінің талаптары ұжымда қалай іске асып жатыр?» дегенді талап етсе, мұғалім мектепте кезекші міндетін атқармас еді, мұғалім жиналыстардың залын толтырмас еді, директорлар кәсіподақ жетекшісімен кеңесіп сабақ кестесін жасаған болар еді.

Кәсіподақ өз мүшесін ғана емес, күллі еңбек адамдарының еңбегін қорғаған болар еді. Біздегі кәсіподақтар ондай дәрежеге жеткен жоқ, керісінше директордың шегендеулі қолшоқпарына айналған.

Тек мектеп директорының “интересін” қорғайды. Оны өткенде өзіме қатысты директордың келісімшартты мерзімінен бұрын бұзған бұйрығы шыққанда көрдім.

Мектептегі алты зейнеткердің бесеуі кәсіподақ мүшесі екен, оларды аудандық кәсіподақ “қорғап” жұмыста қалдырыпты. Мені “қорғамады”, себебі кәсіподақта мүшелігінен екі жыл бұрын шығып кеткенмін..

«Күрмектің арққасында күріш су ішеді», бұлар халық мүшеліктен шығып кетсе (онсыз да халық толқып отыр) құрдымға кететіндерін біліп отыр.

Бір жас маманға кәсіподақтан шықсаң, “больничный төленбейді” деп “соғыпты”. Емдік қаражат мұғалімге мемлекеттен бөлінеді, кәсіподақтың оған қатысы жоқ.

Кәсіподақ “денсаулық парағына сай қаражат төленді ме?” деген мәселені қадағалап, төлеттіреді. Сондықтан төленгенін растап қол қояды. Қаражат кәсіподақтан шықпайды.

Өздеріне керек ертегіні құрап алған кәсіподақтың қазіргі қалпы бұйрық орындаушы ғана. Шынымен еңбек тәртібін қадағалаушы емес. Директордың мүддесін қорғаушы ғана.

Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін.