Мұғалімдерді әдейі ашындырып отырған біреулер бар ма?

0
496

«Құдай қарғағанды пайғамбар асасымен түртеді» — деп діндарлар айтпақшы, «Нысаналы мектеп» жобасының оқушыларға арналған «Еду.Кон» деген екінші серия, тестілеуі тағы бар екен.

«Таспен жапалақты ұрсаң жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өледінің» кері келді. Әр сыныптан I тоқсан бойынша екі -екіден тесті алынды. Әр нұсқасы 12-20 сұрақтан. Әрбір оқушыға бүге-шігесіне дейін талдау жасау қажет.

Мысалы, А есімді оқушы төмендегі тақырыптарды меңгермеген. Оның ішіндегі білмейтін математикалық формуласын көрсетіп тұрып жазасың.

Сыныпта 24 оқушы болса әрбіріне талдау жасайсың. Сонда әрбір оқушы үшін талдау жасауға кемі 30 минут уақыт кетеді. М. есімді әріптесім: «7 оқушыға талдау жасауға 3,5 сағат уақыт жұмсадым», — деді.

Сонда бір сыныпқа толық талдау жасау үшін кемі 10 сағат уақыт кетеді. Бұл бір тестті талдауға кеткен уақыт. Әрбір сыныптан екі реттен тест алынды. Екі талдауға 20 сағаттан уақыт кетеді.

Егер 5 сыныпқа сабақ өтетін болсаң, шашағы сыртында — 100 сағат. Астрономиялық (1 сағ=60 мин) 100 сағ, академиялық(1 сағ=45 мин)133 сағатқа пара пар.

Апталық жүктеме 20 сағат болған күннің өзінде айына академиялық сағатпен 80 сағат сабақ өтесің. Бұл талдауға апталық жүктемеңнен 1,5- 2-есе көп уақыт жұмыстанасың.

Баяғы колхоз кезінде әжелеріміз күндіз мақта тереді де түнде мақтаның суық ұрған қауашағын үйіне әкеліп түнімен қауашақ аршиды екен.

Бригадир түн ортасында тексеріп өтеді. Сол қиын күндері емізулі баласы барлар келіге киімін жауып қойып (шамның жарығында мақтаның қауашағын аршып отырған адам екен деп ойласын дегені) көз шырымын алады екен. Сол күй мұғалімнің басына түсті.

Әлеуметтік желіде аталмыш «Еду.кон» тесті туралы сөз болмай жатқанына қарағанда, біздің аудандағы жағдай осылай ма деп ойлайды екенсің.

Әй, мониторингілеріңді өздерің жасап алың да, мұғалімді сабағымен қалдырың. Мұғалім де адам. «Түн кәріптікі» емес пе?

Мұғалімдерде 8 сағат жұмысынан кейін демалуға құқы бар екенін, жоба авторлары мен оны қолдаушылар есінен шығармағаны ләзім.

Мұғалімдердің еңбегін қанап, ашындырып, «үкіметке қарсы көтерілсін» деген жаман пиғылдарын іске асыруға ынталы топтар бар емес пе екен деген ойда жүрмін.

Қабыл ШІЛДЕБАЙ, белсенді мұғалім.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.