Бұдан асқан мұғжиза бар ма?

0
713

Қазіргі кез келген діннің соңында жүргендердің іздейтін бір ғана нәрсесі бар, ол — мұғжиза. Қазақша айтқанда, әлдебір ғайып, ғажайып, тылсым.

Дін өкілдерінің бүкіл әңгімесі осы бір мұғжизаға құрылған. «Пайғамбар айды қақ жарып екіге бөлді. Пайғамбарға көктен хабарлар келген. Жер сілкінгенде, жерді қолымен бір періп қалғанда, сілкінуі тоқтаған.

Пырақпен жеті қат аспанға көтерілген…» деген сыңайдағы әңгімелер бұл өмірден құпия, сыр іздеген пендені елітіп, еліктірері анық.

Мұндай дүниелерге санасын қорқыныш билеген, өзіне сенімсіз, бүкіл кемшілігін басқаға артуға үйренген, өз кінәсін мойындауға батылы жоқ, қияли кісілерге тән.

Ал ең бастысы — өлімнен қорыққан пенде діннің осындай ойдан құрастырылған мұғжизаларымен өзін жұбатады.

Әлеуметтік желілердегі діни әңгімелерді тыңдап отырып, қарным ашады. Айдаладағы үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын араб халқының әпсана, аңыз, ертегілерін аузынан суы ағып қазақтар тыңдап отырады.

Әй, айналайындар-ау, ондай мұғжизаларды айдаладағы арабтың аңыз, ертегілерінен іздемей, өз халқыңның ауыз әдебиетінен қарастырып көрсеңші.

Мәселен, «Ертөстік» ертегісін оқы. Секунд сайын өсетін Ертөстік пен оның елін қорғауы — міне, саған тегін мұғжиза!

Бұл аздық етсе, «Алтын сақаны», » оқы. Момын халыққа жәрдем ететін мұғжизалы кісі керек болса, «Алдаркөсені», «Тазша баланы» оқышы.

«Пәлен деген соғыста пайғамбардың қолына алған шыбық қылышқа айналыпты» дейтін бір уағыз бар. Бұл да кейіпкерінің жасаған ерлігіне еліткісі келетін пендеге ұнаса керек.

Алайда айналайындар-ау, қазақтың батырларының сенің табаның басқан топырағын қорғау үшін қандай ерлік жасағанын бір оқып шықшы!

Қарасай батыр қырған жаудың қалай қашқаны, «Аңырақай шайқасы», Қабанбай батырдың сермеген қылыштары…

Ау, бір ғана Райымбек батырдың жоңғарлардың тізесін қалай қалтыратқанының өзі не тұрады?!

Бәлкім, бұл батырларымызды өткен ғасыр, ескі әпсана дерсің. Қиялыңда әлдекімнен қаһарман жасамай-ақ, Алматының алаңында 1986 жылы билікке қасқайып талабын қойған, қазақ қыздарын қорғау үшін жанын пида еткен, біздің қазір тәуелсіз елде өмір сүруіміз үшін құрбан болған желтоқсан оқиғасының батырлары пырақпен айға ұшқандардың жанында құны жоқ па?

Шетел әдебиетін, тарихын, ертегілерін оқып, білгенде тұрған ештеңе жоқ. Тек, басқаның батырларына табынбай, өз қаныңнан шыққан батырларыңды мақтан ету — ақылдының ісі емес пе?

Қаншама елге бардым саяхаттап. Бірнеше тіл білемін. Түрлі ұлттан достарым бар. Алайда дәл біздің қазақ секілді өзгенің қаңсығын өзіне таңсық көрген халықты көрмедім.

Өз тарихын білмейтін, басқа жұрттың ертегі-әпсанасын аузынан суы ағып тыңдаған ұрпақтың ертеңі — қараңғы.

Жұмағұл ШЕКЕРБЕК, зейнеткер.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.