Мыңнан астам мұғалім «Мақсатты мектеп» жобасына қарсы

0
656

Өткен аптаның соңында бір топ қазақстандық ұстаз «Мақсатты мектеп» жобасын тоқтатуды сұрап жоғары билікке ашық хат дайындаған болатын. Бұл туралы Democrat.kz. сайтында хабарланған еді. 

Айналасы 4-5 күн ішінде осы хатқа қол қойған мұғалім саны дәл қазір мыңнан асып жығылған. Бұл туралы белсенді ұстаз Айман Сағидулла өзінің парақшасында жариялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, биліктің барлық тармағындағы шенеуніктерге жазылған бұл хатқа қол қоюшылар әлі де жалғасуда.

Сонымен қатар «Мақсатты мектеп» жобасын тоқтату бойынша мұғалімдер тарапынан ресми петиция да жарияланды. Бұл петицияға «алаңсыз сабақ өткім келеді» дейтін кез келген мұғалім мен «балам білімсіз қалмасын» деген әрбір ата-ана қол қоя алады.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қызметіне кіріскен күні бүкіл шенеуніктің халыққа ашық болуын, әлеуметтік желілерде белсенді болуын тапсырған болатын.

Президенттің тапсырмасын айналасындағы шенді-шекпенділердің қаншалықты орындап жүргенін осы хаттан кейін анық білетін боламыз деп сенеміз.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.