“Назарбаев жақсы еді” акциясы жүріп жатыр дейді депутат

0
166

Айтыскер ақын, депутат Ринат Зайытов Ескі Қазақстан неліктен билікке келгісі келетінін, алпауыт күш әлі кімнің қолында екенін айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Қазақстанда отыз жылда үлкен шырмауық тамыр жайған.

«Отыз жылда жоғарғы жақта үлкен орта қалыптасып алған, бір-бірімен сыбайласқан, байласқан. Анау ананың құдасы, анау ананың күйеу баласы, анау ананың бауырының досы деген сияқты. Бүкіл Қазақстанда тамырланып, шырмалып. Сондықтан негізгілерін жауапқа тарту керек», — деді депутат Bilgen Durys-қа сұхбатында.

Зайытов бұл тұста қазіргі су тасқыны апатына кімдердің кінәсі бар екенін де ашық айтты.

«Су тасқынын алайық. Су тасқыны неге болды? Өйткені жергілікті әкімшілік бар, тиісті министрлік бар. Заңсыз салынған бөгеттерді бұзған жоқ. Халық қанша талап етсе де халықтың сөзіне құлақ асқан жоқ. Неге олар құлақ асқан жоқ?

Құлыбаев сияқтылардың пәрмені жүріп тұрғаннан кейін бұзылмады. Неге бұзылмады? Ол халықтың ішінде дабыра туғызуға ыңғайлы. Дабыраны неге туғызғысы келеді? Президенттің беделін түсіруге өте қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қит етсе «Назарбаев жақсы» еді.

Осы акция жүріп жатыр. Неге жүріп жатыр? Қазір бүкіл заңдар өзгеріп жатыр. Бұрынғы билікке қатысты, өздерінің ыңғайына жасап алған заңдар қайта өзгеріп жатыр. Олар оны қаламайды. Себебі ол жұмыс істей бастағанда ақшасынан айрылады. Сондықтан олар қайтадан билікке келгісі келеді», — деді ол сұхбатта.

Сонымен қатар, Зайытов Назарбаев әулетінің қолынан әлі күш, билік кетпегенін мәлімдеді.

«Ескі Қазақстан деген сөзді аса көп ұнатпаймын. Ескі Қазақстанды анықтап алайық, дұрыс па, бұрыс па, Ескі Қазақстанды соттаймыз ба, кешіреміз бе?  …Бұрын өтірік жиналыс көп болатын. Қазір барған жерде талабымыз: ешқандай өтірік жиналыстың қажеті жоқ.

Қазіргі Мәжілістің спикері Ерлан Жақанұлына Құлсарыда, Тарбағатайда халық түрегеп тұрып, «сендер кінәлісіңдер, отыз жылдық жүйеде сен де жұмыс істедің» деген сөздерге дейін айтылуы, былай қарасаң, бұрын нонсенс болатын. Қазір тікелей халықпен байланысуға әрекет етіп жатқан партия (Аманат — еск.).

…Ескі билікке қатысы бар адамдардың (апаттар кімнің әрекеті — еск.). Ескі билік деген кім? Бүкіл Қазақстанның ақшасын, бүкіл Қазақстанның атқарушы билігін басып алған топ еді ғой бұрын. Назарбаев әулеті деп айтсақ та болатын шығар. Соған қатысы бар адамдар. Қазір оларды ешкім ешқайда қуып жібере алған жоқ. Қазір мұнайдың да басты тетіктері солардың қолында, банктер солардың қолында, университтерге дейін», — деді Зайытов.

Фото ашық дереккөзден алынды.