Оқушы жүкті болып қалмасын десек…

0
434

Кейінгі жылдары мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қайта-қайта талқылануда.

Бірақ жыныстық білім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім мен айқын бағыт-бағдардың жобасы жоқ деп жазады Democrat.kz. Порталы Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

2019 жылдан бері мектептерде жаратылыстану, биология сияқты жалпы пәндерге тақырып ретінде адамтану бағытында жыныстық тәрбие курсы арагідік енгізіліп жүр. Алайда нақты бағдарламасы бекітілмегендіктен Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы сынды мекемелердің мамандары мектепте өз дәрістерін оқып, мүшеқап жарнамасын жүргізіп, оқушыларға таратып бергені туралы шу шықты.

Ата-аналар өре түрегеліп, наразы болғаны бар. Бұрын анатомия сабағы 8-сыныптан басталатын болса, енді мамандар бұл пәнді  3-4-сыныптан бастау керегін алға тартады. Яғни, 8-9 жастан бастап балалар жыныстық сауаттылықпен танысуы керек екен.

ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесi Назым Жанғазинованың айтуынша, қоғам көп нәрсенің шындығын білмей келеді.

– Биыл Түркістандағы медицина, дағдарыс орталықтарына соққанымда зорлық-зомбылыққа тап болған қыздармен кездестік. Бұл қыздардың көбін өгей әкесі, туысы немесе туған ағасы зорлаған. Қазақы отбасында ауылдағы туыстарының баласын тұрғызу қалыпты жағдай. Бұл дұрыс емес, педофилия жас жігіттердің арасында да бар. Баланың жеке шекарасы сақталуы керек. Бұл тақырыпта еш қысылмай, балаларға 11 жастан бастап «дене бітімің өзгеріп жатыр, гармондар дамиды, бұл – қалыпты жағдай» деп түсіндіре берген жөн.

Түсіндірмеген соң, бұдан ақпараты мен білімі жоқ ер бала гармон мен эмоцияға жол береді де, қарындасын немесе көрші қызын зорлау әрекетіне барады. Сондықтан бізге ағартушылық-ақпараттық жұмысты күшейту қажет.

Біз мектеп бағдарламасына арнайы қосымша пән енгізу жөнінде ұсыныс айттық. Сыныпттағы тәрбие сағатында қыздарды ғана тәрбиелеу дұрыс емес, ұлға да бірдей айту керек, – дейді ол.

Мамандар көбіне дәстүрлі құндылықтарға негізделген отбасыларда өскен қыздар үлкендерге жүктілігі туралы айтудан қорқып, небір әрекетке баруы мүмкін екенін айтып жүр.

Осындай қоғамдағы қағидалардың кесірінен проблема ашық қозғалмай, балалар көп нәрсенің ақ-қарасын ажырата алмауда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасөспірімдер жүктілігі білім деңгейі немесе экономикалық жағдайы төмен халықтар арасында жиі кездесетінін мәлімдеген.

Сондықтан бұл мәселенің себебі ақпараттың жетпеуінде ғана емес, түрлі әлеуметтік мәселелерден де шығып тұрғандай.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.