Орыс мектебін ашу — таза саясат қой!

0
3347

Былтыр БАҚ беттері Қазақстан мен Ресей еліміздің оңтүстігінде орыс, Ресейдің қазақтар көп қоныстанған аймақтарында қазақ мектептерін ашатыны жайлы айтқан еді.

Орыс мектептері бұрыннан бар. Ірі қалаларда КСРО-да тіпті қазақ мектептері аз болды, Алматының өзінде қателеспесем бір ғана қазақ мектебі болды-ау деймін. Семей, Өскеменде де өте аз болған. Өзім сол жақтан болған соң айтып отырмын, басқа өңірлерді білмедім. Шамамен оларда да картинка солай болды деп ойлаймын. Өйткені Қызыл империяның саясаты ғой.

Енді сондайды көре тұра, «орыс мектептері не үшін ашылады» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл саясат қой, үлкен саясат. Қазір Ресей сыртқы саясатын осы тілге байлап қойды. Ресейдің қазіргі сыртқы саясатына қатысты ұстанымдарына қарасаңыз екі сөзді көресіз, олар: Орыс мектептері және орыс тілділер. «Орыс мектептерін жабуда, орыс тілділерді тұқыртуда» дегенді жиі айтады. Украинада солай басталды, қазір Молдоваға осы әдісті қолдануда.

Болуы ықтимал қысымды азайту үшін Орталық Азия елдері Ресейдің алдын орау тәсіліне көше бастаған сыңайлы. Мысалы Қырғызстан мен Ресей 9 орыс мектебін ашу туралы келісім жасап, тікелей эфирде үшеуін ашты. Өзбекстан 30 мың оқушыны орыс тілінде оқыту үшін Ресеймен бірлескен бағдарлама қабылдады. Тәжікстанда орыс мектептерін ашу шарасы 2022 жылы онлай форматта өтіп, оған Рахмон қатысса, 2023 жылы Жапаров пен Путин 1-қыркүйекте дәл сондай мектептерді онлайн ашу салтанатын жасады.

Бұның бәрі саясат қой. Былтыр Қазақстан да Ресеймен келісіп, еліміздің оңтүстігінде үш орыс мектебін ашу бойынша келісті. Солтүстікте ашу бойынша келіссе алаңдауға болар еді, бірақ оңтүстікте ашылған соң бұл саясаттары айтарлықтай жеміс береді деп ойламаймын. Оның үстіне оңтүстікте қазақтар арасында орыс мектептеріне балаларын апаратындар аз-ау, өзге ұлттар болмаса.

Ертең Қазақстан Омбы, Орынбор, Аштарханда қазақ мектептерін ашуы мүмкін. Сондай келісім бар. Бірақ ол мектептер сол жақтағы қазақылықты арттырып жібереді ме, күмәнім бар. Мынау да сол сияқты.

Қазақстанда мектеп жетіспеушілігі бар. Мына үш мектепті Ресей өз ақшаларына салып береді. Бірақ мұғалім мен бағдарлама бізден. Ресей билігі бұл мектептер арқылы оңтүстікті орыстандыра алмайтынын жақсы біледі, бірақ Кремльге имидж үшін бұл қажет.

Ал Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдерге бұл контржауап дайындау әдісі деуге болады. Ертең Кремль тарапынан «орыс тілін қысып жатыр, орыс мектептерін жабуда» деген айтыла қалса, «Айналайын, ең қазақы аймақтан үш мектеп ашуға келістік» дегендей жауап дайын тұр. Саясат қой.

Қазақстанда қазақ-түрік, қазақ-ағылшын, қазақ-француз мектептері ашылып жатыр. Ол қуантарлық жайт. Бірақ қалай айтсақ та, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, қазақ балалары орыс, ағылшын, неміс, араб, қытай, француз және басқа тілдерді жетік білсе де, өз тіліне деген құрметті жоғалтпаса игі еді. Бір тіл – бір әлем, ал Ана тілі ол тұтас болмысың!

Асхат Қасенғали,

Facebook парақшасынан алынды.