Солтүстікте науқасты видеомен «емдемек пе»?

0
86

Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) 16 ауыл Франция үкіметінен телемедицина жобасы бойынша LIMSTAR телеконсультациялық арбаларын алады.

Елшіліктің хабарлауынша, бұл жобаға Франция үкіметі 650 мың еуро грант бөлген. Ендігі жерде СҚО-ның 16 ауылының 115 мыңнан астам тұрғыны бейінді медициналық мамандарға қол жеткізе алады.

«LIMSTAR арбалары СҚО-ның ауылдық жерлеріндегі (алты ауданаралық аурухана, сегіз Амбулаториялық орталық, екі медициналық пункт) пациенттерді Петропавлдағы жалпы және мамандандырылған медицина (гинекология, акушерлік, кардиология, ЛОР, дерматология, офтальмология, вирусология) бойынша екі облыстық көпсалалы аурухананың (ересектер мен балалар) бейінді дәрігерлерімен байланыстыратын болады», — деп хабарлады Франция елшілігі.

Дәрігерлер пациенттерге медициналық датчиктерді қолдана отырып, бейне режимде кеңес бере алады. Әрбір арба ЭКГ, ультрадыбыстық сканер, дерматоскоп, қол камерасы, отоскоп және стетоскоп сияқты сенсорлармен жабдықталған.

Арнайы жабдықталған құрылғы Петропавлдың екі облыстық ауруханасында және облыстың 16 ауылында орнатылған.

Жобаның іске қосылуы 29 қаңтарда өтеді, ал 2024 жылдың сәуірінде пилоттық жоба аяқталып, жабдық Медициналық ұйымдардың меншігіне өтеді.

Фото ашық дереккөзден алынды.