ТикТок — тұқымымызды тастаққа жаймасын

0
176

Сенаттың бір топ депутаты ақпараттық кеңістіктегі балалардың қауіпсіздігі, кибербуллинг, TikTok әлеуметтік желісінің жастарға теріс әсері мәселелерін көтеріп, Үкіметке жүгінді деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Олар ТикТокқа шектеулер енгізу бастамасын көтерді. Сондай-ақ сенаторлар Цифрлық даму министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан арнайы бағдарлама жасап, Қазақстанда «ақпараттық кеңістік пен әлеуметтік желілерге қатаң бақылау орнатуды» ұсынды.

Қалаулылардың қытайлық әлеуметтік желіге қатты шүйлігуі негізсіз емес.

«Биылғы ақпанда Ақтөбе облысының 28 жастағы тұрғыны 8–11 жас аралығындағы етегін жинап үлгірмеген жеткіншектеріміздің жалаңаш суреттерін порнографиялық сайтта саудалағаны үшін бас бостандығынан айрылды.

Қаскүнем TikTok желісінде: «Менің өтінішімді орындасаң 10 мың теңге беремін» деп жазбалар қалдырып, жасөскіндерді арбауына түсірген. Сөйтіп, 48 жалаңаш сурет пен 9 порнографиялық мазмұндағы видеоларды жинап, жариялап үлгерген.

Бұл жағдай өрімдей жастарымыздың ғаламтордағы қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отырғанымыздың айқын көрінісі. Сондай-ақ  азаматтар тарапынан шағымның көп түсуі бұл салада бақылаудың әлсіздігін меңзейді», – деді Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев.

Кеше Ақ үйде әлемдік демократияның темірқазығы саналатын Американың Президенті Джо Байден АҚШ-та ТикТокқа тыйым салатын заңға қол қойды. Қазақстанға неге солай жасамасқа?

Сарапшылардың мәліметінше, әлеуметтік желілердегі ақпаратты бөлісу ерекшеліктеріне орай, бүгінде жас ұрпақ негізінен қытайлық TikTok платформасын қолдануға әуес. Өйткені онда ештеңе істемей, еңбектенбей, жай ғана ырбаңдап, ыржалақтап, ырғала билеп-ақ бірнеше миллион жазылушыға ие болуға болады.

Статистикалық мәліметтер бойынша бұл желіні қолданушылардың 75 пайызға жуығы 13–24 жас арасындағы жастарды құрайды. Тіпті 4–5 жас аралығындағы балалардың өзі күнде 75 минут уақытын сонда өткізетінін талдаулар көрсетті. Содан педофилдер де Facebook не Instagram-ды емес, көбіне TikTok-ты жағалайтын көрінеді.

Жаһандану заманында «TikTok синдромының» теріс әсерін болдырмау үшін әр ел барынша тырысып бағуда. Бұған Еуропаның көп мемлекеттерінде TikTok желісінің тұтынушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кепілдіктерінің деңгейін анықтау бойынша тексерістер жүргізілгені дәлел.

Тексеру нәтижесінде балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктерінің істемейтіні анықталып, Еуроодақ тарапынан TikTok-қа қатысты 368 миллион еуро сомасында айыппұл салынды.

Бұл TikTok-қа қатысты жалғыз шара емес. Кәмелетке толмағандардың мәліметтерін сақтаудағы және өзге де олқылықтары үшін TikTok АҚШ-қа 5 млн доллар, Нидерландыға 750 мың евро, Ұлыбританияға 15 млн евро көлемінде айыппұл төлеген.

Көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан өз аумағында ТикТокты толық бұғаттады. Депутаттар екі ортада Қазақстанның ғана ынжықтық танытып отырғанына кейіді.

Фото ашық дереккөзден алынды.