Тоқаев: “Бұл қиындықты бірге жеңеміз!”

0
46

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтты деп хабарлайды Democrat.kz. Ақпараттық порталы 24.kz.-ке сілтеме жасап. 

Біз бүгін көптеген мәселені талқыладық. Ел бірлігін нығайтуды көздейтін сан қырлы шаруаны қорытындылап, жаңа міндеттерді айқындадық. Бүгін сөз сөйлеген азаматтар өзекті бастамалар көтеріп, тың идеялар айтты. Сессия қарсаңында аймақтарда да мазмұнды әрі нәтижелі пікірталастар болғанын білемін.

Баршаңызға ұтымды ұсыныстарыңыз үшін алғыс айтамын. Оның бәрі сараланып, жұмыс барысында ескерілетін болады – деді Тоқаев. Еліміздегі осындай маңызды қоғамдық институттардың қызметін одан әрі үйлестіру үшін мұның мәні зор.

Сессия шешімдері тиімді жүзеге асырылса, Қазақстанның барша азаматының болашағы жарқын болуы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруға мүмкіндік туады деп сенемін. Мемлекеттік құрылымдар азаматтық қоғам институттарымен, әсіресе, Ассамблеямен сындарлы диалог және сенімді серіктестік орнатса, алға қойған міндеттің барлығын орындай аламыз.

Біз алапат тасқын салдарын жойып, барлық салада түбегейлі өзгеріс жасауды жалғастырып жатқан осы бетбұрысты сәтте мұның мән-маңызы зор – деді Президент. Ерте ме, кеш пе, кез келген мемлекет түрлі сынаққа тап болуы мүмкін. Сондай кезде ел өмірінде күрделі әрі түбегейлі бетбұрыс жасалады. Біз де осындай жаңғыру жолымен жүріп келеміз.

Сын-қатерлерге төтеп беріп, қиын сәтте ұжымдасып, шұғыл жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз. Шын мәнінде, мұның бәрі – баға жетпес тәжірибе. Бұған дейін тоқсаныншы жылдардың тауқыметін жиі айтатын едік. Сол кездегі қиындықтарды қазір көпшілік еске ала бермейді.

Еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңеміз. Шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығамыз.

Ауқымды су тасқыны болып жатқан қазіргідей сәттерде халқымыздың ұжымдасып, жұмыла білу қабілеті шыңдала түседі. Азаматтардың ынтымағы мен өзара тілеулестігі айқын көрінеді. Мемлекеттік аппарат дағдарысқа қарсы күресте зор тәжірибе жинақтайды – деді ол.

Фото ашық дереккөзден алынды.