Жекеменшік мектептің жарнамасы жер жарғанымен, білімі тас жара ма?

0
209

Жекеменшік мектепте білім сапалы ма? Қазір жеке мектеп көп. Кейбірінің оқу ақысы ҚазҰУ-дан қымбат, Кембриджбен бірдей. Мүмкін ақысына сапасы сай шығар. Мүмкін жұмысбасты ата-аналар амалсыз береді.

Жарнамалары жер жарады. Біз 2 жыл бұрын сондай мектептің біріне тап болдық. Жұмыстан үлгермейміз, амалсыз жекеменшік іздедік. Қаржы лицейі деген біреуін таптық.

«Отбасылық бюджет» бағдарламасын бірге жүргізген әріптесім ылғи жарнамалап жүрді. Барсақ орын жоқ. Иесін достарымыздың біреуі таниды екен, қолқа салып, бір орын тауып, кіргізді. Ол үшін досымызға, иесіне рахмет!

Бірақ, жарнамасы жер жарған мектеп біз ойлағандай болмады. Қаржылық сауат емес, кәдімгі сауатының өзін таппай қала жаздадық. 1 сыныпта тақылдап тұрған бала сөне бастады.

Сабақ та, белсенділік те жайына қалды. Ынтасыз, құлықсыз баланың біріне айналды. Сосын неге былай деп зерттей бастадық. Сабағына қатыстық. Мұғалім түген байқаудың жеңімпазы, зерттеуші-бірдеңе, басшылары мақтайды.

Бірақ біз мақтай алмадық. 1-2 жиналысына қатысып, бала емес, менің ынтам жоғалып кетті. Соңында баламызды қайта алып, өзі 1 сыныпты оқыған, мемлекеттік мектепке бердік. Енді қатарластарына ілесуі үшін 2-3 есе көп оқуға тура келді.

1 сыныпқа аралас балабақшадан келдік. Аралас деген орысша деген сөз, орысшамыз басым болды. Бұл қателікті қайталамаңыз. Егер ары қарай да орысшамен кетем демесеңіз, аралас балабақшаға бермеңіз.

Бізге 1 сыныпта таза қазақша оқу қиындау болды. Бірақ пысықтығы, алғырлығы, ұялмайтыны бар, алып кеткен, бірақ біз ойлағандай емес. Жекеменшік мектептегі 3 ай пысықтығы, алғырлығын басып тастады.

2 сынып сол 3 айдың «ізін» түзеуге кетті. Жазғы каникулға шығысымен жанталасып, қосымша мұғалім іздедік. Іздеп, іздеп, Алматыдан емес, сонау Талғардан таптық. 2 айда қазақ тілін, математикасын, жазуын тастай қылып, 1,2 сыныптың бағдарламасын миына құйып, 3 сыныпты 5-ке оқып шықтық.

Биыл да мектеп алдында 2 апта оқытып алдық. Бұл кісі сұраныс көбейген соң, қазір Алматыдан да орталық ашыпты. Өткен сыныпта қалып кеткен «пробелдарды» түзетемін десеңіз, Айман апайға баруға кеңес беремін.

Бұл АЭС сияқты тисе терекке, темесе бұтаққа мақтай берген ақылы пост емес. Нақты мысалды жазып, бөлісіп жатырмын, мүмкін, біреуге пайдасы тиер (https://www.instagram.com/aiman.kanievna).

Бұл жекеменшік мектеп жаман деген сөз емес. Ол жақта да бақытты болып жатқан адам көп. Өзіміздің оқиға осындай болды. Қазір жекеге бас қатырмай мемлекеттік мектеп + қосымша + анасы екеуміздің көмегіміз бастауышта жақсы негіз қалыптастыруға тырысып жатырмыз.  Ары қарай БИЛ ма, НИМ ба, физмат па көреміз. Өзіміз Сатының «БИЛ»-і мен «НИШ»-ін қатар бітірдік.

Ербол АЗАНБЕК, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.