Жұмыссыз Әлихан Смайыловқа қай жақтан ұсыныс түсуде?

0
180

Он бірінші Премьер, кезінде Қазақстан Үкіметін басқарған Әлихан Смайылов жаңа жұмыс мәселесін жазға таман реттеуі ықтимал.Ол премьерлікке Қаңтар оқиғасынан кейін бірден келгендіктен жұмыс режимі өте ауыр болды, дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Сондықтан Әлихан Асханұлы қазір кем дегенде екі ай демалып алғысы келетінін жасырмаған.

Смайыловтың негізгі мамандығы қаржыгер, оның ішінде бюджеттік жоспарлауға жақын болғандықтан, оның потенциалын антикризистік ұлттық компания басшысы ретінде пайдалану туралы консультациялар жүре бастады.

Дереккөз сөзінше, Әлихан Смайыловтың қолына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тізгінін беру туралы идея да жоқ емес. Ол рас болып шықса, ҚТЖ нағыз «премьерлер ошағына» айналмақ. Себебі, Смайыловқа дейін Үкімет басқарған Асқар Мамин де ҚТЖ көрген болатын.

Тағы бір дереккөз Әлихан Асханұлына антимонополиялық орган ұсынылды дейді. Бірақ ол бойынша ешқандай нақты келіссөз жүрмеген.

Қазақтың Әлиханы үкіметті 2022-2024 жылдар аралығында басқарды. 2022 жылы экономикалық өсім 3,2%, 2023 жылы 5,1% болды. Асханұлы қаржыгер ретінде excel файлдарымен жақсы жұмыс істесе де, масштабты түрде серпіліс туғыза алмады. Себебі ол консервативті көзқарастағы формацияға үйренген болатын. Тиісінше, ол басқарған үкіметте антибастамашыл бюрократия күшейіп, барлық жарқын бастамаларды сол үкіметішілік бюрократия жеп қойды.

Соңғы жылдары бюрократия қазақтың нағыз сорына айналып отыр. Басшы сөзі төменге басқаша жетеді. Мысалы, Смайылов «шаш» десе, облыс әкімі оны «құлақ» деп естіді, ал мәселеге қатысы бар аудан әкіміне (мектеп, аурухана директоры) ол тіпті «мұрын» болып естілді. Сонда, нақты проблеманы шешуі тиіс, сол жерде отырған жауапты тұлға «шаш» мәселесінің орнына «мұрынмен» айналысып отырды. Одан қазақтың Әлиханы да шаршағаны анық.

Фото ашық дереккөзден алынды.