Өзі әдепсіз мұғалім оқушысына әдептілік туралы айта ала ма?

0
2658

Facebook әлеуметтік желісінде Гүлшат Нұрмағамбет атты кісінің бір жазбасы жарияланды деп жазады Democrat.kz.

Елге танымал, білікті, белсенді ұстаз Айман Сағидуллаға қатысты әлеуметтік желіде пікір жазған Гүлшат Нұрмағамбеттің бұл жазбасына назар салмай өту мүмкін емес болды. Төменде сол жазбаның скрин көшірмесін назарларыңызға ұсындық.

Оқып шықсаңыз, не түсіндіңіз? Мына пікірді жазып отырған адам мұғалім бе? Егер Гүлшат Нұрмағамбет мұғалім болса…

Біріншіден, сіз бен біздің баламызды құқықтық сауаты жоқ мынадай мұғалім адам оқытып отыр. Себебі, ашуыңыз кемерінен асып бара жатса да, адамның жеке басына қатысты мынадай ауыр сөз айтуға, ойыңызға келген жаланы жабуға қақыңыз жоқ.

Екіншіден, шайпауыз, оқымаған, ошақ қасынан шықпаған жаман әйел құсап өз әріптесіне қатысты мәдениетсіз хабарлама жазатын мұндай мұғалім алдында отырған оқушысын мәдениетке үйретіп, баули ала ма?

Үшіншіден, жазбаға сыни көзбен қарасаңыз, Гүлшат Нұрмағамбеттің сөз саптауынан қазіргі қоғамға қауіп төндіріп жүрген агрессивті, радикал топтың тактикасын анық аңғарасыз. Біздегі дүмшелер де қит етсе, жұртты Алламен, тозақпен, өліммен қорқытып, қарғап-сілеп шығатыны баршаға аян.

Олай болса, егер бұл жазбаның иесі педагог болса, мынадай діни сенімдегі мұғалім мектеп деп аталатын киелі мекенде не бітіріп жүр? Оқушысына не айтып, не үйретіп жүр деген күмәнді сұрақ туындайды.

Мың жерден діншіл болсын, мың жерден тозақ пен Аллаға сенсін, бірақ кез келген педагогтың  шәкіртіне өз діни сенімін сыналай да, тікелей де, ашық та тықпалауына қақысы жоқ!

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза, білім саласында жүрген мәдениетсіз, құқықтық сауатсыз, діншіл мұғалімдерге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуіңізді сұраймыз.

Тұтас Қазақстанның болашағы — мұғалімдердің қолында. Бүгін мұғалім оқытқан оқушы — ертең осы елдің әр саласына жайғасатын мамандар.

Біз балаларымызды мұғалімге оқытады, білім-мен ғылымға есік ашады деп сеніп тапсырамыз. Ал сенген мұғалімдеріміз мынадай жазба жазса, мынадай сөздер қолданса, өз діни сенімін кез келген сәтте осылай қолданып, тықпаласа, баламыздың ертеңі қалай болмақ?

Жазба иесі мұғалім болса, ондай мұғалімнің оқушысы болған балаға мешіт, медресеге барудың керегі де жоқ қой?! Ондай мұғалімнің оқушысы мәдениетсіздік пен агрессияны оп-оңай бойына сіңіріп, онысын келешекте қоғамға құспай ма?

Мұғалімдерді түрлі оқу курстарына жіберіп, аттестация, тест сияқты сынақтардан өткізетін Оқу ағарту министрлігі ендігі жерде әрбір мұғалімнің білім деңгейін ғана емес, психикалық саулығын, мәдениеттілік дәрежесін, құқықтық сауаты мен әдептілік көрсеткішіне тексеру жасау керек сияқты.

Өзі әдепсіз мұғалім оқушысына әдептілік туралы не айта алады? Сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман? Сіз бен біздің баламызды оқытып отырған мұғалім қандай болуға тиіс?

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.