«ҚМБД мешіттеріне түсетін ақшадан салық төленуге тиіс» дейді дін зерттеуші
«Демос» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайынов Қаржы министрлігінен еліміздегі мешіттердің қаржылық есебін тексеруді сұрап, ресми хат жолдады деп хабарлайды Democrat.kz.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің (бұдан әрі – ҚМДБ, Астана қ., Алматы ауданы, 3-үй) төрағасы Наурызбай Таганович Утпиновтың (13.03.1977 ж.т.) басшылығымен ҚМДБ-ға қарайтын мешіттердегі заңсыз коммерциялық кәсіпкерлікті жолын кесуді, жалпыға бірдей салық төлеуін қамтамасыз етуді талап етемін.
ҚР Салық кодексінің 517- бабы (салық төлеушілер) 3.4 тармағы бойынша мешітті иеленіп отырған діни бірлестік салық төлеуден босатылған.
Бұл бап ешқандай коммерциямен шұғылданбайтын, ғимаратты тек Құдайға құлшылық рәсімі үшін ғана пайдалантын мешіттерге қатысты.
Ал салық кодексінің дәл осы бабының басқа тармағы бойынша, мешіттердегі асхана, дүкен, неке рәсімдеу секілді коммерциялық нарық субъектісі салық төлеуге тиіс.
Н.Т.Утпинов ҚМДБ төрағасы болған соң ол ҚМДБ жарғысына өзгеріс енгізіп, әр облыстағы ай сайын мешіт түсімінің 30 пайызын мүфтиятқа жіберуді міндеттеді. Жарғыдағы осы өзгеріс мешіттерге ауыртпалық салды.
Сондықтан бұрын мешіттердегі асхана бизнесі немесе саудамен шұғылданатын, бірақ салық төлейтін кәсіпкерлерлер бұл саладан ығыстырылғанын және ҚМДБ басшылығы мешіт ғимаратын арендаға алып кәсіп жасап, өзіне міндетті салықты төлеп жүрген бизнесмендерді қыспаққа алғанын БАҚ-та талай мәрте жазылды.
Сонымен қатар баспасөзде мешіт ғимараты ішіндегі немесе оның ауласындағы коммерциялық нысандар ҚМДБ басшыларының сеніміне кірген мешіт имамдары мен олардың туыстарының қолына өткені туралы да айтылды. Олар ҚР Салық кодексінің 517- бабы (салық төлеушілер) 3.4 тармағына сүйеніп салық төлеуді тоқтатты.
Осы және басқа да коммерциялық қызметтің түсімінің 30 пайызы ҚМДБ-ға (мүфтиятқа) жіберілуде. Бұл орасан көп қаржы. Бұл қаржы коммерциялық жолмен табылғанымен ол сомадан мемлекетке салық төленіп жатқан жоқ.
Бұдан басқа, мешіт имамдары мешіттерде азаматтарға заңсыз «шариғи неке» қиып беру, «дұға бағыштап беру» секілді қызмет түрі үшін де миллиондаған қаржы жинап жатыр. ҚМДБ мен ұйымға қарайтын медреселер мен университет жанынан да ондаған қайырымдылық қорлары құрылған.
Бұл қорларға жиналатын қаржы мен оны шығындау ашық емес. Мысалы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ -мүфтият) жанынан құрылған «Зекет қоры» секілді қорлардағы сыбайлас жемқорлық баспасөзде әбден жазылды.
Мешітте жиналатын пітір-садақаның қайда, кімнің қалтасына түсіп жатқаны жөніндегі мәлімет те жабық. Қысқартып айтсақ, ҚМДБ «көлеңкелі экономикаға» айналды.
Қалыптасқан жағдайға орай, мемлекеттік кірістер комитетінен ҚМДБ діни бірлестігіндегі көзге ұрып тұрған экономикалық заңсыздықтың жолын кесуді, заңсыз кәсіпкерлікпен шұғылданып салық төлемей жүрген ҚМДБ-ның жауапты тұлғаларын жауапқа тартуды өтініп сұраймын» деп жазылған хатта.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.