«Ғалымжан Құрманбек, сенің дінің келгелі қазақ қоғамы қандай жетістікке жетті?» дейді ақсақал

0
499

Таяуда Democrat.kz. сайтында әзілкеш Ғалымжан Құрманбектің тайқазанға байланысты айтқаны туралы мақала жарияланған-ды. 

Осыған байланысты редакциямызға арнайы хабарласқан Түркістан облысының тұрғыны, зейнеткер, тарихшы Шымберген Әлдехан «Ғалымжан мен сол тектес адасқан қазақтарға осы сәлемімді жеткізіңдер» деп:

«Дәл қазір қазақтың тұтас тарихынан хабары жоқ, білімсіз пенделер сақалы селтеңдеп діншіл бола қалатын үрдіс белең алды. Тас атсаң, бір дін «адвокатына» тиетін жағдайға жеттік.

Сондайлардың бірі — қазақ ұлтын бір емес, бірнеше рет қорлап, ақылға сыймайтын дүниелер айтып жүрген Ғалымжан Құрманбек.

«Қазақтың батырлары дін үшін соғысты» деп бір мазақ етсе, енді «Тайқазан елге келген күннен нашақорлық, зинақорлық, араққорлық, жемқорлық басталды» деп ұлттық құндылыққа түкіріпті.

Әй, Ғалымжан! Тайқазан елге жеткізілген уақытта қазақтың тарихында қандай оқиғалар болып жатқан еді, есіңде ме? Дәл сол жылдары бүкіл есік-тесігіміз ашық-шашық, кім көрінген кіріп-шыққан заман еді.

Тоқсанның тоқырауы деп аталатын сол жылдары сенің иегіңе сақал қойдырған, қазақ ұлтына қарсы жұмысты бастаған дінің де түрленіп, елде етек жая бастаған еді. Оған дейін адалдығын арым деген бұл қазақ әйелдерді қорлап, «талақ» деп әр қатынның қойнына кірмейтін.

Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ өтірік сөйлеп, суайттанып адамдықтан аттамайтын. Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ екіжүзділіктің не екенін білмеді. Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақтың әр азаматы ұлты үшін кеудесін оққа төсейтін, ешкімге құлдық ұрмайтын жігерлі еді.

Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақтың ешбір баласы, ешбір қызы жыныстық зорлық көріп жыламайтын. Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ қызын төрге шығарып құрметтеген халық еді.

Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ ажырасу деген жағдайды ілуде бір еститін. Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ атадан балаға мирас болған әдет-ғұрпы мен салт-санасын көзінің қарашығындай сақтаған еді.

Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақ үлкенге — құрмет, кішіге — ізет дегенді білетін. Сенің дінің келгенге дейін бұл қазақтың әр баласы тумысынан ақылды, сауатты, дана еді.

Қазақтың бүкіл батыры, ғалымы, данасы, атақты ұл-қызы да өкінішке қарай, сенің дінің келгенге дейін өте көп болып еді. Дін етегін кеңге жайып, жайлаған жылдан бері ауыз толтырып айтарлық қандай жетістік, марқайып көрсетер қандай салмақты тұлғаң бар?

Дін қоғамға дендеп енгеннен кейінгі қазақ қоғамына бір назар салшы! Шеке майымызды шылқ еткізген, көсегемізді көгерткен қай жетістікті айта аласың?

Балағы далақтап, екі сөздің басын қосып оқи алмайтын сауатсыз, иектегі сапсиған төрт тал сақалын тарамдап, тозақтан басқаны айтпайтын еркектерді «жетістігіміз!» деп мақтанасың ба?

Әлде қара қапшықа оранып, әр күні «талақ болып» әр еркектің илеуіне  салынған тулақтай болған әйелдерді «мақтанышымыз!» дейсің бе?

Сенің дінің келіп, Қазақстанда ұшақ шығаратын зауыт ашылып, медицинамыз алдыңғы орынға шығып, білім саласы үздіктер қатарына қосылды ма?

Әркімнің сенімі — өзіне. Дініңді әр тесікке тықпалап, қадірін кетіргенше, жүрегіңде сақтап, құндылығын жоғалтпа. Қазақ деген ұлт пен оның құндылықтарына тіл тигізгеннен сенің дініңнің қадірі артпайды.

Қоғамдағы бар жамандықты тайқазанның келуімен емес, діннің келуімен байланыстырып, бір саралап көрші. Бәлкім, миың болса, бірдеңе түсінерсің», — деді ақсақал.

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Фото видеодан скринделіп алынды.