Қазақтілді қоғамның деңгейі — надандық дәрежесінен көтерілмей тұр
Осыдан бес -алты жыл бұрын осы фейсбукте бір орыстілді қазақ досым болды. Сонымен әжептәуір сырласып тұратынбыз.
Бір күні мен оған өзімсініп:
«Бәке, мына сіздер орыстілді қазақтардың қауымымен қазақтілді қауым бірге әңгіме дүкен құрып шүйіркелесіп отыратын күн бола ма, қашан сіздер біздің қатарға тұрасыздар, қашан сіздермен бір ел боламыз, соны айтыңызшы» дедім.
Оған Бәкең «еее Олжас, қойшы… деп ашыла қоймады..
Мен де қайтпадым, «әйткенмен де Бәке біз сіздермен бір ұлт боламыз ба әлде сіздердің осы кеткеніңіз кеткен бе?» деп мен тақылдап қоймағасын …
Бәкең шыдамай кетті, ішін ақтарды.
«Олжас сен қызықсың, сонда маған кімге жақында деп тұрсың?
Қазақтілді фейсбукті мен оқымайды дейсің бе, көріп жүрмін, ондағы тема, өзекті мәселелер белгілі ғой.
Тоқал алу, алмау. Шыңғысхан, тарих. Одан қалды діни темалар.. Сіздер жақта санаулы тақырып қана ғой өзі..
Әсіресе анау тоқал темасы. Ол әңгіме — әлемдегі санасы кенжелеген — қабаттап қатын алудан, яғни тоқал алудан аспай қалған мешеу арап әлемі, ауған — пәкістан, африка құрлығындағы халықтардың сана сезімінің даму деңгейі де, солардың мәселесі еді.
Сол теманы сіздің қазақтілді қауым быт — шыт боп ауызы көбіктеніп тұрып талқылайды — ей. Тоқал темасы десе әйтеуір сіздерде бір қызу талқы, одан басқа қазақтың мәселесі жоқ сияқты.
Тіпті сіздегі қазақтілді қауымда біраз әйел баласы өздері тоқалдықтан кетәрі емес, сол полигамный бракты қолдап отырғанын көріп бездім ғой мен.
Сен Олжас, ренжіме оған, но вот — ваш уровень.
Сондықтан мен сіздер жаққа жолай қоймай сырттап отыруды жөн көремін.. Ал басқасы енді….. өздері біледі» деген болатын Бәкең.
Әрине бұндай әңгімеден соң мен оны жек көріп кеттім, достықтан өшірдім, онымен қазір араласым жоқ.
Бүгін мен Нурикамал әні туралы пост жазған едім, оны оқыдыңыздар. Соның астына тоқалист — әйелдер, еркектер жиналып алып қылқынып жатыр, мен қайта біраз комментті өшіріп үлгердім.
Бәкең негізі дұрыс айтады, несіне ренжиін, бізге, қауым ретінде санаға біраз сілкініс керек…
Біздің әлеуметтік даму ретіндегі деңгейіміз сол арап — сарап, ауғанның қатарында қалды. Әңгімеміз де, мәселеміз де сол.
Олжас ӘБІЛ, сарапшы.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.