Бірлік-халқымыздың атадан балаға жалғасқан ұлы қасиеті

0
23

Биылғы көктем Қазақстан халқына ауыр сынақпен қатар, үлкен жауапкершіліктің, мығым бірліктің не екенін көрсетті. Соңғы 80 жылда болмаған алапат су тасқыны күллі қазақ елін аяққа тұрғызып, жұмылып жұдырық болуға итермеледі.

Су тасқыны салдарынан еліміздің Батыс, Солтүстік облыстары үлкен зардап шекті. Жүз мыңға жуық азаматты эвакуалациялап, ондаған мың тұрғын үй, саяжай су тасқынынан жарамсыз күйге түсті. Қаншама адам баспанасыз қалды, қаншама малды топан су жұтты.

Осы қиын күндерде үкімет те күн-түн демей, жұмыс істеп, халықты қолдауға арналған іс-шараларды тоқтаусыз атқарды. Мемлекет басшысының осынау қиын-қыстау күндерде халықтың жанынан табылып, ауырлықты бірлікте көтеруге шақырған үндеуі қазақстандықтарға күш-қуат берді.

Өз кезегінде мемлекет тарапынан су тасқынынан зардап шеккендерге қаржылай қолдау көмегі берілді. Бизнес-қауымдастық та қарап қалмады. Табиғи апаттан зардап шеккендер үшін деп 250,5 миллиард теңге жинады.

Бұл игі іске: «World Green Company», «Jusan Bank», «ERG» тобы, «Базис-А» тобы, Samruk-Kazyna trust, «ҚазМұнайГаз», «Қазмырыш», «Halyk Bank», «Kaspi», «Қазақстан халқына» қоры, «Жайық Мұнай», «Рамс-Қазақстан», «Халық» қайырымдылық қоры және басқа да бірқатар ұйымдар қомақты қаражат аударды.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке Мухамед Избастин, Айдын Рахымбаев, Андрей Лаврентьев, Нұрлан Смағұлов, Қайрат Итемгенов, Алмас Сұлтанғазин, Нұрлан Артықбаев, Бақытжан Байсейітов, Еркін Тәтішев, Данияр Әбілғазин, Бахридин Абылазимов және басқалар үлес қосты. Әр адам мүмкіндігінше көмек қолын созды. Атап айтқанда, меценат және кәсіпкер Мухамед Избастин көптеген жылдар бойы қайырымдылық ұйымдарының доноры бола отырып, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 450 миллион теңге аударды.

Қазақстандықтардың қиын сәттерінде меценат Андрей Лаврентьев те маңызды көмек көрсетті. Қостанайлық машина жасаушылардан аймақты эвакуациялауға және көмек көрсетуге 250-ге жуық адам жұмылдырылды. «Allur» зауыты арнайы техникалар бөлді: 11 автобус, 15 самосвал және 3 алдыңғы тиегіш. «AGROMASH» зауыты жатақханадан зардап шеккендерге баспана берді.

Мұнан бөлек, табиғи апат орын алған аймақтарға еліміздегі түрлі қоғамдық ұйымдар көмек қолын созу үшін арнайы аттанды. Жастардан жасақталған бұл топтар волонтерлік қызмет атқарып, шарасыз қалған жұртқа қолдау көрсетті.

Қаңтар оқиғасында ел халқы үшін арнайы құрылған “Қазақстан халқына” қоры атқарған шаруа да аз емес.

Қорға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, «Eurasian Resources Group» тобы, Василий Анисимов, «ArcelorMittal Netherlands B.V.» тобы, «KAZ Minerals» Тобы, «Қазмырыш» тобы, «Халық» қоры, Болат Өтемұратов қоры, «Kaspi.kz», «Астана Моторс», «Банк Центр Кредит», «Lancaster Group Kazakhstan» және басқалар ақша аударды.

«Қазақстан халқына» қоры сәуірден бастап ұйымға түскен қаржыны су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үй салуға жұмсайтынын мәлімдеген болатын. 1 сәуір – 31 мамыр аралығында қазақстандықтардан, бизнес пен халықаралық серіктестердің ерікті нысаналы қайырымдылығынан 6, 487 млрд теңге жиналған. Осы қаржыға қор өз қаржысынан 10 млрд теңге қосып, еліміздің 6 өңірінде 649 тұрғын үй салып берді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету үшін өңірлерде арнайы қорлар жұмыс істеді. Атап айтқанда ол Ақмола облысындағы «Асар Ақмола», Ақтөбе облысындағы «Қамқор-Ақтөбе», Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық», Қостанай облысында «Көмек.Kst», Абай облысында «Ақ Ертіс», Ұлытау облысында «Талап», Қарағанды облысында «Көмек-Қарағанды 2023» қорлары.

Ведомство жиналған қаржының нақты сомасын да көрсеткен. Атап айтқанда Ақмола облысы – 1 193,4 млн теңге (оның ішінде 80 пәтер сатып алуға 809,0 млн теңге бөлінген), Ақтөбе облысы – 774,9 млн теңге, Атырау облысы – 331,0 млн теңге, БҚО – 80,8 млн теңге, Абай облысы – 30,0 млн теңге, Қостанай облысы – 247,5 млн теңге (оның ішінде мал өлімі бойынша залалды өтеуге, зардап шеккендерге төлемдер мен ТЖ жою бойынша басқа да шығыстарға 57,6 млн теңге бөлінген), Қарағанды облысы – 42,5 млн теңге (оның ішінде шаруашылықты реттеуге 12,9 млн теңге), Павлодар облысы – 156,9 млн теңге (оның ішінде 96,9 млн теңге үйлерді жөндеуге және қалпына келтіруге бөлінген).

2024 жылғы көктемдегі су тасқыны — Қазақстан халқының атадан-балаға мирас болып, әлі күнге жалғасын тауып келе жатқан асар, шүлен тарту, жылу жинау сынды көмектесу әдеттерінің ең озық үлгісін көрсетті деуге болады.

Осы арқылы да қазақстандықтар ел басына күн туса, жұдырық болып жұмыла алатынын, бірлігі мығым ел екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды