«ТикТок»-тан саналы түрде бас тарту керек

0
48

Қазір өзі байқасаңыз, ТikTok-тағы қысқа видеолар арқылы жеке тұлғаның, қоғамның құнды дүниелерін үнемі үстірт әрі жылдам форматта қабылдау үрдісі жайлап кетті ғой…

Негізі, ТикТок-тан саналы түрде бас тарту керек секілді. Әсіресе, ой еңбегімен айналысатын адамдарға ТикТок-тың түкке керегі жоқ.

Осы турасында кең көлемді зерттеу жүргізген бір топ қытай ғалымдарының академиялық еңбегін біраз уақытымды қиып, шолып шықтым. Осы жерге зерттеудің сілтемесі мен PDF нұсқасын да жүктей кетейін.

Сонымен ғалымдар не дейді? Ғылыми зерттеуден алынған деректер:

ТикТок, Reels секілді келте видеоларға телміріп отыратын адамның орбитофронтальды қыртысындағы сұр заттың көлемі кеміп кетеді екен.

Бұ бөлік мидың ойлау, шешім қабылдау, эмоцияны реттеу сияқты негізгі процесіне жауап беретін маңызды аймақ екен. Басқаша айтқанда, мидың бұл бөлігі өз жұмысын бұрынғыдай атқара алмайды.

Айталық, көлемді, кесек мәтінді (кітапты дейікші) оқып, оны түсініп, негізгі идеясын сіңіруге келгенде қинала бастайсыз немесе бір мәселе туралы ойланып, толғану сіз үшін азапқа айналады.

Қысқа бейнежазбаларға тәуелді адамдардың ұйқыға кету уақыты 40 пайызға ұзарған, ал жалпы ұйқы сапасы 30 пайызға нашарлаған. Тіпті 50 пайызы ұзақ мерзімді ұйқысыздыққа (инсомния) ұшырағаны анықталған.

Сіз бен біздің зейін қою қабілетіміз де кеміп барады. Зерттеу нәтижесі бойынша, адам бұрын 2,5 минут бір мәселеге көңіл қойып, назары ауатын болса, қазір небәрі 47 секундтан соң қипақтай бастайды екен. Нәтижесінде, біз терең талдау мен байыпты ойды талап ететін жұмысқа көңіл бөлуден қаламыз (қашамыз).

«Эмоцияны бір нәрседен екіншісіне «ыршытып» жіберіп, миға бірдеңені ойланып, қорытуға мұрша бермей жатырмыз.

Уақыт өте күрделі тақырыптарға талдау жасау, белсенді түрде оқып-іздену, қоғамдық және саяси ахуалды сараптау дағдыларымызға салмақ түсе бастайды», — дейді ғалымдар.

Мұнысы рас енді. Мысалы, баяғыда уатсаптағы кластастардың чатына саяси сарыны басым контентті үзбей салып тұратынмын. Қазір мұндайға селт етпейді. Себебі, үнемі көңіл көтеру форматындағы контентке бейімделіп алған.

Осы текстің өзін әзер тауысқан шығарсыздар, ә?))

Өз тарапымнан мынаны да қоса кетейінші: қазір өзі отбасылық, туыстық, достық қарым-қатынас та әлсіреп, экран алдындағы уақыт ұзарып кетті ғой. Бала кезгі туыс-туғанның беймарал отырыстары, пікірлесетін орта мен табиғи қарым-қатынас көмескі тартып барад. Шынайы эмоционалдық байланыс сиреп бара жатыр. Бәріміз эмоциялық оқшаулану жолына түсіп кеткендейміз.

Думан БЫҚАЙ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото интернеттен.