Райымбек Баталов: ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге төмендету арқылы бюджетке 200-300 млрд теңге қосымша табыс түседі

Қазақстанның мемлекеттік бюджетін қалыптастыруда негізгі түсімдер корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан түседі.
Бүгінгі күні ҚҚС салығын елдегі барлық кәсіпорындардың 4 пайызы төлеп отыр. Ол жалпы бюджет түсімінің 42 пайызын құрайды. 2024 жылы осы екі салық түсімдеріне қатысты мәселе туындаған.
КТС түсімдері 5,2 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға өсті. Бұл соңғы бес жылдағы ең нашар оң динамика болып саналады. Себебі тіпті COVID-19 пандемиясы кезінде де – 2020 жылы бұл сома 3,5%-ға артқан еді. ҚҚС бойынша түсімдер әлдеқайда төмендеді: түсімдер 5,1 трлн теңгеге дейін кеміп, 8,7%-ға азайды.
Жалпы ҚҚС өсімі жайлы 2023 жылдан бері айтылып келеді. Алайда алдыңғы жылдары сұрақ ашық күйінде қалып, биыл бұл сұрақ қайта күн тәртібіне шықты. Басында 20 пайызға өсіру ұсынылған. Кейін көптеген талқылаулардан кейін, тіпті ел басшысы ескерту жасаған соң, бұл мөлшер 16 пайызға түсті.
«Салықты көтеру сұрағы талқыланғанда, ол ертең бюджетке қанша түсім алып келеді деген басты сұраққа жауап беруі тиіс. Мәселені жан-жақты зерттеу керек. Біздің қазіргі жұмыс істеп тұрған салық реформамыз әділетсіз. Біз кәсіпкерлерге көлеңкелі жағына өтуге барлық мүмкіндікті қолдарына беріп қойдық. Олардың арасында бөлшектеніп, оңтайландыру арқылы салықты төлемей келетіндер бар», — дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
ҚҚС (НДС) түсімдерінің 16%-ға өсуі экономиканың және қоғамның дамуына оң серпін беруі мүмкін. Ең алдымен бюджет кірістерінің артуына алып келеді.
Сарапшылар ҚҚС өсімінің арқасында әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру артады деген болжам айтты. Одан бөлек түскен қосымша ақша инфрақұрылымды және бизнестің дамуына жұмсалады.
«Болжам бойынша, салық мөлшері артқан кезде, ҚҚС төлейтін кәсіпкерлерден түсетін қосымша қаражат 2,8-3 трлн теңгеге жетеді. Ал ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге төмендету арқылы бюджетке 200-300 млрд теңге қосымша табыс түседі», — деп болжам жасады кәсіпкер Райымбек Баталов.
2023-2024 жылдары ҚҚС (НДС) түсімдерінің өсуі әлеуметтік маңызы зор салаларға, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтауға бөлінген бюджет қаражатының айтарлықтай өсуіне ықпал еткен. Мұндай өзгерістерді Қаржы министрлігінің ресми деректері растайды.
Фото көрнекілік үшін.