Бибігүл Дәулетбекқызы: Ғани Бейсембаев, білмесеңіз, үйретейін!

Ғани Бейсембаев, Сіз өзі барсыз ба бұл әлемде? Танысып қоялық, менің есімім – Халық. Неше күннен бері «Magnum» гипермаркетінің айналасында дау болып жатыр. Одан хабарыңыз бар болар?
«Маған қатысы қанша?» дерсіз. Айтайын. Сізге қатысы бары соншалық, осы шуды шулатқан, қазағымның қарапайым курьерін жұмыстан шығартқан – мұғалім, жап-жас жігіт.
Иә, иә, мектепте сабақ береді. Аты-жөні – Асылхан Алимханович. Әлімханұлы емес – Алимханович!
Осы даудан кейін ТикТогында рахаттанып күніге суретін жарқыратып отыр. Әрине осы тұсты пайдаланып, охватын көтеру керек. Не дегенмен блогер ғой.
Ал курьер жұмыссыз қалды. Жүрегіңіз селт етті ме? Сіз тап-таза сөйлейтін Сырдың қазағысыз ғой. Білесіз Қызылорда да кәрісің, орысың, шешенің болсын, қазақшаға судай екенін. Міне, сондай ауыл қазағы өз тілін қорғаймын деп нәпақасынан айрылды. Жақында келіншегі босану керек.
Көпбалалы әке. Жасы 38-де. Әлгі мұғалім-блогеріңіз кеше бейнеүндеу жазыпты парақшасында қазақ тілінде.
Өзін кереметтей сезініп тұр. Одан бетер ушықтыруда. Ешқандай кешірім сұрау жоқ. Бір отбасының асыраушысын нәпақадан айырып қойдым-ау деген қыжылды да көрмедім. Ыздиып тұр.
Сөйлегенде сыздиып тұр. «Таңдау өзімде, қай тілде сөйлеуге құқылым» деп қояды. Мейлі делік. Маған десең, неге шүршітше сөйлеп кетпейді. Әйтсе де, өз қазағына қазақша сөйлемедің дегені үшін жұмыстан алдыртқанына мәз болған мұғалімге ренжисің де.
Ал конфликт болған күні курьер Еркін жай ғана, «қазақша айтсаңыз жақсы болар еді» деген. Қайдан білсін ауыл адамы қарсы алдында түрі қазақты көріп айтқан болар? Соған бола арызданып, ушықтырып жазуға бола ма? Құдайым-ау, өзінің емірене емген сүті Ана тілі емес пе – қазақ тілі
«Жә, ағасы, айып менен» дей салса кеміп қала ма?
Бәрінен де маған қорқыныштысы – мектепте дәріс беретін мұғалімнің дауды өршіткені. Ал Магнумның басшылығы болса біржақты конфликтіні тыңдап, курьерді жұмыстан босатады.
Сонда бір жарым жылдан бері бұл тасымалдаушы жұмыс жасап жүреді екен де, бір блогердің (мұғалім) арызынан кейін қуылады. Төменде ол туралы жаздым. Ақтарып қарап, оқыңыз!
Неге ұстаз тіліміз үшін осыншама шу көтереді? Өз ана тілі үшін провокация жасайтын мұғалімді көрген шәкірттер қандай ойда болады? Осы мәселені майшаммен қарайсыз деген сенімдемін!
PS: Кезінде Асхат Аймағамбетов мектептің айналасындағы дауға араласып, өз парақшасында есеп беріп отыратын. Қанша сынасақ та, жымиып қана жауап беретін.
Хэллоуинді де сынап жазсаң, сол күні мектепте ондай іс-шараны тоқтататын. Әйтеуір қандай бір мектептің айналасындағы у-шуға үндемей өтіп кетпейтін. Өз үнін Фейсбук парақшасында бөлісіп отыратын.
Ал мына министрдің парақшасын ақтарып шықтым. Барлығы керемет. Өмір деген тамаша. Анда-санда бір нәрселерді бөлісіп қояды.
Семейде болған (қатарластарынан өлімші болып таяқ жеген) жетім баланың тағдыры туралы ләм-мим демеген. Атырауда көк туымызды қорлаған хиджаптағы оқушы қыз туралы да жазбаған.
Маған қазір айтарсыздар, министрліктің өз парақшасында жазылды, қырт-бырт деп. Ол құзырлы мекеменің парақшасы. Ал министр Бейсембаев әлеуметтік желіде отыр ма? Халықпен кері байланыс орнату керек!
Ғани Бейсембаев!
Бәлкім жаныңызға кеңесші болып барармын. Әлеуметтік желіні қалай қолдану керектігін де, халықпен тығыз байланысты да, керек десеңіз коммуникация жағы мен ораторлықты да үйретемін. Әйтпесе еліміздегі жайттар сіздің құлағыңызға жетпей жатқан секілді.
Сіздің нұрлы бейнеңізді әдейі шығардым. Халық сіздің де осы әлемжеліде бар екеніңізді білсін деп. Бұны журналистикада тегін «Public Relations» дейді. Алғыс айтпай-ақ қойыңыз.
Пы-сы: айтпақшы, мен тэгтей алмаймын. Алдындағы жылы жыным ұстап отырып настройканы ақтарып, достығымдағы барлық кісілерді шығарып алдым. Кейін тэгтелмейтін болды:(
Білетіндер, жазсаңыздар екен. Рахмет!
Бибігүл ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, журналист.
Фото интернеттен.