“Сауатсыз діни уағыз — асыл дінді абыройсыз етуде”

0
208

 Астанада өткен І республикалық уағызшылар форумында «Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті» тұғырнамасы қабылданды, деп хабарлайды, Democrat.kz ақпараттық порталы ҚМБД ақпаратына сілтеме жасап.

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, тұғырнамада халық арасында уағыз айтып, жамағатқа адал мен арамды түсіндіріп жүретін имамдарға қажетті ереже-қағидалар қамтылған.

Бұл құжаттың мақсаты – ҚМДБ-на қарасты мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының бірізділігін қамтамасыз ету, дін қызметкерлеріне дініміздің құндылықтарын дұрыс бағытта дәріптеу үшін бағыт-бағдар беру, уағыз-насихат айтудың методикасына назар аудару және діни уағыз-насихаттың моделін қалыптастыру, – деп атап өтті Батыржан Мансұров.

Осы мәселеге байланысты бірнеше қарапайым азаматтың пікірін сұрап көрдік. Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны Мұхит Кеңесбек: “Соңғы уақытта түрлі кісілер Ислам дінінің атын жамылып, қисынды-қисынсыз әрекеттерге барып, ол аздай ретті-ретсіз уағыз айтып, елді адастыруда.

Бұл өте қауіпті құбылыс. Әлеуметтік желіде өзгелердің ызасына тиетін, ұлтты қорлайтын уағыз айтқан, өзін мұсылман көрсететін азаматтар да жоқ емес. Сондай сауатсыз діни уағыз — асыл дінді абыройсыз етуде. Меніңше, уағыз айтуды ретке келтіріп, бір жүйеге салған жөн. Бұлай бетімен кете берсе, Ислам дінімізге көлеңке түседі”,- дейді.

Ал алматылық Нұрғайша Ерланқызы кез келген дін өкілінің қалаған жерінде уағыз айтуына түбегейлі тыйым салынуы керек деген пікірде. “Діни сенім — адамдардың интимді жеке мәселесі. Өзінің діни түсінігін басқаға тықпалаудың қажеті жоқ. Дінге кіргісі келмеген пендені мың жерден уағыз айтып кіргізе алмайсың.

Белгілі бір дінді ұстанасың ба, ұстана бер. Басқаларда шаруаң қанша? Ал біздегі дін өкілдері бүкіл әлеуметтік желіні жаулап алған. Айтатын уағыздарын тыңдасаң, көбінесі ұлтымызға, ұлттық құндылықтарымызға қарсы дүниелер. Жастарды улап жатыр. Сондықтан уағызды кім көрінген емес, қолында рұқсат қағазы бар кісі ғана айтатын ету керек!”,- дейді ол.

Сіз қалай ойлайсыз? Діни уағыз айтуға рұқсат берілгені жөн бе?

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz

Фото ашық дереккөзден алынды.