Орыс мектептері қазақ мектебіне айналады

0
297

Қазақстанда орыс мектебін саламыз деген шешімді Ресей біздің өкіметпен ақылдасып қабылдады деп ойламаймын. Ілгеріде, оңашадағы отырыста Ельцин Ақаевтың жылтыр маңдайынан қасықпен тоқ еткізді дейтін. Путин Ельциннен сыпайы емес.

Ресей Орталық Азия елдерін өзімен ешқашан тең санамайды.

Ресейге неге өйтесің деуге дәтіміз жетпейді. Ол үшін әскери күш керек. Ресей күштіден ғана аяқ тартады.

Орталық Азия басшыларының Путин шақырса желп етіп жетіп баратыны, жек көре тұра Путинді мақтайтыны сол. Бізге тиіспесе екен деген тілек, үрей.

Ресейдің қазіргі билігі — әсіре ұлтшылдығы шизофренияға ұласқан, жан-жағын жайпағысы келетін соғысқұмар билік.

Біздің өкіметтің «Ресей мектептері Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысына салынады» деген уәжіне де шүкір. Министрдің сөзіне қарағанда, Ресей салғанмен ол мектептер Қазақстан бағдарламасымен оқып, тек орыс тілі пәнінің мұғалімдері ғана Ресейден келетін көрінеді. Рас болса.

Басқа жеріңді білмеймін, Қызылорда облысының кез келген ауылына орыс мектебін салса, бір жылдан кейін қазақ мектепке айналады. Жаңақорған ауылдарында совет кезінде де орыс мектептер болған, бірақ содан орыс боп кеткен ешкім жоқ. Қазақша жазу сауаты ақсаңқырап қалатыны рас.

Қазақша жазғанда 10 сөзден 5 қате жіберсе де Мұрат Әбенов білім министрінің орынбасары болды ғой, қазір де депутат. Жаңақорған ауданындағы орыс мектепте оқыған адам.

Орыс тілі пәнінің мұғалімдерін Ресейден жібереміз депті Ресей өкіметі.

Ресей өкіметі де біздің өкімет сықылды айта салады. 2080 жылы 100 қойдан 300 қозы аламыз деген сияқты әңгіме.

Ресейдің қай орысы ит арқасы қияндағы Қазақстанға барып мұғалім бола қояды екен? Келсе де, ссылкаға жіберілгендері ғана келуі мүмкін).

Жаңақорғанға келе қалса екі жылдан кейін не сунақ, не қоңырат болады. Бес жылдан кейін, Қызылорданың Сексеуіл станциясынан сайланған әлгі орыс депутаттың орнына барады.

Тіпті, біздің жемқорлар үш мектептің екеуінің ақшасын жеп, біреуін ғана салуы мүмкін. Ол да көп ұзамай құлап қалса таңғалмаймын.

Ана тілінде таза сөйлейтін оңтүстіктің балалары орысшаға жетік боп шықса да ренжімеймін. Ағылшын оқытам десең де шектеу жоқ. Қытай тілін мектеп пәніне қосса да қарсы емеспін. Көп тіл біліп, өліп қапты дегенді естіген жоқпын.

Президент Тоқаев «2023 жыл — орыс тілі жылы болсын» деп бастама көтергенде біраз ашуландық.

«Орыс тілі жылы» болғаннан не өзгерді? Ештеңе де өзгерген жоқ. Ондай жыл болғанын байқамаппыз да.

Қазіргі күніміз — жан бағу, әкең жақсы, шешең жақсы деп күн көру. Шарт қоятын, қатты қасарысатын жағдайда емеспіз.

Ашулансаңыз да, күшенсеңіз де шындығы солай деп есептеймін.

Өзің күшті болмай, өзгеден құрмет жоқ.

Ал, неге күшті емеспіз деген сұрақты өкіметке қою керек.

 Асылхан Мамашұлының,

Facebook парақшасынан алынды.

Фото ашық дереккөзден алынды.