Дінді жиіркенішті етушілер кімдер?

0
1008

Бұл мақаланы жазбас бұрын, ең алдымен өзімнің 4 жылдық жоғары білімімнің дәл осы діни бағытта болғанын айтып өтейін. Араб тілінен, араб тарихы мен әдебиетінен және Ислам тарихынан жоғары білімді университеттен алдым. Өкінішке қарай, соған қарамастан Ислам дінінен екі қолымды төбеме қойып бездім десем де болады. Неге?

Себебі өте көп. Алысқа бармай-ақ, бір күн бойы әлеуметтік желілерді ақтарып шықсаңыз, адамның миына сыймайтын дүниелерді уағыз етіп, сарнап отырған «ұстаздар» діннен жиренту былай тұрсын, жиіркендіріп жібереді. Нұрсұлтан, Арыстан, Елбек, Талғат…деген ұстаздардан аяқ алып жүре алмайсыз.

Ерінбей аты аталғандардың айтқандарын ақтарып, тыңдап көрдім. Бұлардың бірі «садақаны мешітке бер, мешіт мемлекеттен қаржыландырылмайды» десе, енді бірі «шеше сөзі жаман сөз» дейді. Мұнан да сорақысы «ұстаздардың» ертегісі дер едім.

«Пайғамбардың саусағынан су тамшылады», «Пайғамбардың зәрін ішкен», «Әйелді сабап тұру керек», «Ипотека харам», «Тозақтан кейін жұмаққа барасың, ол жерде «тозақтан келді» деген маңдайыңа мөр басылады», «Жұмақта бір еркекте 40 еркектің күші болады, ойлашы ондай күшпен не істейтініңді», «Алла бір рет қана қиямет күнінде ашуланады», «Пайғамбар үйленген Зейнеп әр күн сайын үш жасқа өсіп отырды», «Көкпар Пайғамбардан келген», «Мерседесті мұсылман имамдар ойлап тапты», «Дұға оқысаң қарыздан құтыласың», «102 000 теңге беріп, ораза тұтпасаң болады», «Әйел пайғамбар болса, мешітке келген еркек оның уағызын тыңдай ма, әлде басқа жеріне көзі түсіп, ойы бұзыла ма?» «Пайғамбар 14 күн «температурить» етіп жатқан, егер сіз де солай «температурить» етіп, өлсеңіз, жәннаттық боласыз»деген сыңайдағы уағыздарын тыңдап, не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің.

Дінді дәріптеймін деп қадірін кетіріп біттіңіздер ғой, «ұстазсымақтар»! Сіздердің осындай ертегілеріңіздің кесірінен кеудесін керіп «мұсылманмын» деген қаншама адам, діннен теріс айналуда. Дәл бір сол оқиғаның ішінде болғандай, өтірікті сапыру не үшін керек? «Бәрі Құранда жазылып, айтылып қойған» деп әңгімені жібересіздер. Құран бір ғана кітап.

Алайда сіздер айтып отырған нәрсені қайтадан қаттап, кітап етсе, мың кітаптан саны асады ғой! «Пайғамбардың саусақтарынан су атқылату» не үшін керек? Сіздердің пайғамбарларыңыз Аллаһтарыңыздан да құдіретті болып кеткенін сіздер байқамаған шығарсыздар.

Алайда сіздерді тыңдап отырып, Пайғамбардың Аллаһтан жоғары сатыда тұратынын түсіндік. Қағба тасын сүйгендеріңізге қарап, әлемнің құдіреті Аллаһта емес, қара таста екенін көрдік. Меккеге барса ғана күнәдан арылатынын көріп, Аллаһ басқа қалаларды ерігіп жасаған деп түйдік. Құранның арабша жазылуына қарап, басқа ұлттың тілін Аллаһ тек тозаққа жіберетін құлына бергенін білдік.

Аллаһ өзі пендесін жаратып, сосын оларды орыс, неміс, қазақ т.б етіп бөліп, тозақта жағайын дейтін қатыгез, қаныпезер екенін де «ұстаздар» айтқан уағыздан түсіндік. Ислам дінін осыншама қорқынышты, осыншама жиіркенішті етіп отырған сіздер екенінен хабарларыңыз бар ма, «ұстаздар»? «Ұстаздар» айтқан әрбір қисынсыз уағыз Қазақстандағы атеистер санын арттыра түсуде. Осыны ұмытпағайсыздар.

Самал МӘДИ,

Democrat.kz.

Фото ашық дереккөзден алынды.