Қай ауылдарды су басуы мүмкін?

0
218

Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданындағы елді мекендерге су басу қаупі туындады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қараөзен мен Сарыөзенде су деңгейінің көтерілуіне байланысты барлығы 22 ауылға қауіп төніп тұр.

«Қазіргі уақытта Қараөзенге Ресейдің Саратов облысындағы Орел-Гай су қоймасынан секундына 408 текше метр, Дмитриевтен 325 текше метр, Приузеннен 372 текше метр су жіберілуде. Аталған су қоймаларынан аққан су Казталов ауданы аумағымен өтеді.

Сол секілді Варфоломеев су қоймасы 105,6 пайызға толған. Бұдан Сарыөзенге секундына 100 текше метр су босатылуда. Өзен бойында 2500 қап төселіп, жағалауды бекіту, суды жайылмаларға ағызу жұмыстары жүргізілуде. № 1 Казталов су қоймасына шлюз ашылды.

Су деңгейі күрт көтерілген жағдайда № 2 Казталов және Мамай су қоймаларының шлюздері ашылады. Күні бүгін әр елді мекенде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Аудан бойынша 3080 адамға арналған 37 эвакуациялық қосын әзірленді», — деп хабарлады ведомстводан.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша Қараөзеннің Жалпақтал ауылы тұсындағы деңгейі 741 сантиметрге (қауіпті шегі — 790-820 см) жетті.

Сондай-ақ Сарыөзеннің деңгейі Қошанкөл ауылы тұсында — 750 (1200-1300), Бостандықта 400 (600 см) сантиметрді көрсетті.

Өңірде Шаған, Деркөл және Жайық өзендері де көтерілу үстінде.

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов су тасқынының алдын алу шараларына байланысты жедел штаб отырысын өткізді.

Жиында су басу қаупі бар ауылдар мен елді мекендерге ауыр техника мен жұмыс күші жұмылдырылғаны айтылып, басқа да мәселелер пысықталып, тиісті тапсырмалар берілді.

Фото ашық дереккөзден алынды.