“Ұлтшылдардан емес, діншілдерден қорқуымыз керек” дейді режиссер

0
401

Театр және кинорежиссері, кинодраматург Талғат Теменов қазақ киносының қазіргі жайын сынға алып, тендер жемқорлықтың көзіне айналғанын айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, кейінгі жылдары жемқорлықпен күресеміз деп қажетсіз заңдар қабылданған.

«Бұл қоғамның 30 жылдағы руханиятымызға тигізген зиянының бірі — көп заң қабылдадық. Кино түсіру жылдан-жылға оңай. Халыққа керек киноны түсірудің орнына біреу орталық құрды. Кезіндегі министріміз Арыстанбек кезінде осы орталық құрылды.

Одан кейін бірнеше адам ауысты. Олар жемқорлықпен айналысты. Сол жемқорлықты құртамыз деп неше түрлі заң қабылданды», — дейді Теменов «Қасқа жолға» берген сұхбатында.

Сондай-ақ, режиссер тендер саласындағы былықтардың бетін ашты.

«Тендер дейді, питчинг дейді. Бір ретте қазақтың руханият деген ауылында екі ит жатыр, біреуі — тендер, біреуі гендер деп айтып едім. Гендер деген — қолдан батыр жасау. Екіншісі — тендер.

Сондай дайындалған дүниеден кейін жемқорлық талантты түрге айналды. Жемқорлық тендер шыққалы бері нағыз хамелеон болды. Мұны ұстап қалу мүмкін емес. Өйткені тендерді ұтатындар, тендерді жариялаған кімдер? Жемқорлықтан қорыққан адамдар болмаса жемқорлықты білетін адамдар осыны ойлап тапты.

Дүниенің сұлулығынан не пайда, есігіңде тендер ит пен гендер ит күтіп тұрса?! Заңдардың бәрі қазақ киносына кері әсер еткендіктен қазақ киносының қазір аяғы тұсаулы», — деді ол.

Сонымен қатар, режиссер «Қазақфильмді жабу керек» дейтіндерді дұшпандар деп санайтынын жеткізді.

«Бұлар қазақ руханиятына жаны ашымас безбүйрек, қазақ атын жамылған дұшпандар деп білемін. Қазақфильм — қазақ өнерінің мұражайы, қазақ руханиятының мұражайы, қазақ руханиятының бау-бақшасы, бәйтерегі. Біз дүниенің бәрін талқандап бітіп, енді Қазақфильмді талқандасақ, келесі ұрпақ бізді кешірмейді. Ұлттық кітапханамыз, ұлттық мұражайымыз, ұлттық киномыз, ұлттық әдебиетіміз, ұлттық мәдениетіміз жоғалған күні қазақ халқы да жер бетінен жоғалады», — деді ол.

Танымал өнертанушы дін тақырыбына қатысты да пікір білдірді.

«Ұлтшылдардан қорықпауымыз керек, діншілдерден қорқуымыз керек. Кешегі Қаңтарда байқамадың ба? Діншілдер жүрді ғой. Қаңтарды ұйымдастырған адамдардың негізгі тұтқаларын ұстап тұрған тек діншілдер болды. …Қазаққа керегі — діншілдіктен гөрі білім, ғылым. Ғылымды, білімді игерген адам дінін өзі таңдап алады», — деп түйіндеді әңгімесін ол.

Фото ашық дереккөзден алынды.