Авторлық бағдарламаны сатып алған мұғалімнің білімі қалай анықталмақ?

0
2405

Қазіргі кезде аттестация жыры мұғалім біткеннің бас ауруына айналғаны шындық. Оқу жылының соңындағы қарбаласпен қатар мұғалімдер білім-білігін дәлелдеуі үшін арнайы тест тапсырып, аттестациядан өтуі керек. 

Аттестация туралы Democrat.kz. ақпараттық порталы да аз жазбады. Кей аймақтарда аттестациядан мұғалімдердің алдын-ала ақша беріп өтетіні туралы шағын мақаламыз әлеуметтік желіде әлі күнге дейін қызу талқыланып  жатыр.

«Өз біліміммен аттестациядан өттім» деген мұғалімдер мен «ақша беріп өтіп жатыр» дейтін кісілер арасындағы айтыс тоқтар емес. Десек те, ұстаздың білімін тексеретін бұл аттестацияда қалтасын ақшаға толтыратын пысықайлар да елімізде жоқ емес екен.

Кез келген әлеуметтік желіде ашықтан-ашық «Зерттеуші болсаң, хабарлас», «Аттестациядан өтуге жәрдем» деген сипаттағы жарнамалар өріп жүр. Сондай жарнаманың біріне мұғалім болып, хабарласып көрдік.

WhatsAPP желісі арқылы қоңырау шалған жас жігіт ә дегеннен іші-бауырымызға кіріп кете жаздады. (Өкінішке қарай, ешқандай дыбыстық жазба жасай алмадық — ред.) Әр сөзінде «апай, апай» деп елпілдеген ол «зерттеушіге өтем десеңіз, ең бірінші авторлық бағдарлама  жазып, тіркетіп, шығаруыңыз керек. Оған біз көмектесеміз.

Өзіңіз таңдаған тақырыпта кітап жазып, шығарып беріп, арнайы тіркеуден өткізіп береміз. Егер тақырыбыңыз болмаса, біз өзіміз сізге тақырып ұсына аламыз. Алматыда офисіміз бар.

Арнайы баспа істерімен айналысамыз. Еліміздің барлық аймақтарынан қазір мұғалімдер бізге хабарласып, тапсырыс беріп жатыр. Сіз қазірден тапсырыс берсеңіз, шілде айындағы аттестацияға дейін кітап дайын болады» деген ол аттестациядан өту үшін келесі бір жәрдем түрін де атап өтті.

Оның сөзінше, тест сұрақ-жауаптарының түрлері де оларда бар екен. «Тестте келетін сұрақтар бізде бар» деген әлгі жігіт оны қосымша сыйлық ретінде беретінін айтты. Видеоқоңырауды ашып, өздері отырған кеңсені көрсеткен ол бұған дейін жазылып, дайындалған авторлық әдістеме кітаптарын ерінбей көрсетіп шықты.

Түсінгеніміз, авторлық бағдарламаны 150 мың теңгеге жасап, дайындап, тіркетіп, сертификатымен қосып береді. Ал мақала жазу керек болса, оны да жазып, басылымдарға жариялап бере алады екен.

Әр мұғалімнен бір ғана кітапша үшін 150 мың теңгеден алса, аттестация мынадай пысықайлардың қалтасын қампитары анық емес пе? Сатып алған дүниемен сынақ тапсырған мұғалімнің шынайы білім-білігі қалай анықталмақ?

Тиісті мекемелер «мұғалім аттестациясына» байланысты кез келген жарнаманы жіті бақылап, тексермесе, онда ауыз толтырып айтатын аттестацияның не керегі бар? Қалтасы көтерген мұғалім дайын дүниені сатып алып, қалаған санатына өте берсе, онда білім сапасы туралы айтудың өзі артық болмай ма?

Меруерт ХУСАИНОВА,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.