Қазақтың оюын қорлағандар жазаланады ма?

0
141

Депутат киіз үйде жартылай жалаңаш билегендер туралы: Ұлттық құндылықтарды мазақ ету қылмыстық әрекет деп танылуы керек, деп хабарлайды Democrat.kz ақпараттық порталы, Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне киіз үйде түсірілген видеоға қатысты сауап жолдап, құқықтық баға беруді сұрады.

Оның сөзінше, киіз үй – бабадан қалған ең қастерлі мұрамыздың бірі еді. Сан ғасыр бойы хандарымызға еңсесі биік ақ орда, халқымызға құт ұялаған баспана болған сол киіз үйге және басқа да құныдылықтарымызға ақпараттық шабуыл да басталды.

“Күні кеше оюлаған киіз үйде ұлттық киім киіп, жартылай жалаңаштанып, ойқастаған үшеудің әлеуметтік желіні шарлаған бейнеролигі иісі қазақтың ашу-ызасын тудырып отыр. Халықтың бұған наразылығы әбден орынды. Ең аяулы дүниеңді аяққа таптаса, ұлттық киіммен жалаңаштанса, төріңде әуретін ашып тайраңдаса, бұл бүкіл ұлтты, елімізді қорлаумен пара-пар деп есептейміз. Бұл теріс ниеттілердің алдын ала жете ойластырып, қазақы дүниені, ұлттық құндылықтарды құнсыздандыруға, мазақ етуге бағытталған қасақана әрекет деп есептейміз. Тал түсте төрімізде тайраңдағаны нағыз басынғандық”, – деді депутат.

Мәжілісмен бұл әрекетті өскелең буынды өз ұлттық құндылықтарынан жеріндіру әрекеті деп атады. Таяуда қоғам белсенділері ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған еді. Небәрі 2 аптада осы талапты қолдап, 50 мың қол жиналды.

“Бұл – ЛГБТ-нің елімізге қажетсіз әрі жат құбылыс екенінің, оған халықтың ашық қарсылығының анық көрінісі. Алда өтетін петиция қорытындысын қарау отырысына қоғам белсенділерін, ұлт жанашырларын белсене қатысуға шақырамын. Бұдан былай ұлттық құндылықтарымыз – домбыра, қобыз, киіз үй, ұлттық киім, ұлттық тағам секілді асыл жәдігерлерімізді қандай да теріс мақсатта пайдалану, мазақ ету, ұлт намысына қол сұғу ұлттың беделін түсіруге бағытталған қылмыстық әрекет деп бағаланып, қылмыстық жауаптылықпен жазалануға тиіс”, – деді Самат Мұсабаев.

Ол Бас прокуратурадан, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұрады.

“Бас прокуратурадан, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінен аталған бейнеролик бойынша құқықтық баға беріп, оған қатысты нақты шара қолдануды сұраймыз. Ата дәстүрімізге қол сұғу – ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіру, ұлттық құндылықтарды түбірімен жоюмен тепе-тең. Қазақ – домбыра, қазақ – ұлттық дәстүр, қазақ – киіз үй, ою, ұлттық киім. Осының әрбіріне жасалған қастандық біз үшін ауыр қылмыспен тең”, – деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін желіде киіз үйде жартылай жалаңаш билеген жастардың видеосы тараған еді.

Кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева видеосына қатысты пікір білдіріп, қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүріне қайшы келетінін айтқан еді.

Фото: Stan.kz.